Искусственный Интеллект

Қазақстан банктерінің 75%-ы жасанды интеллект технологияларын қолданып жүр

Қазақстандағы банктер қаржы ұйымдары арасында цифрлық даму деңгейі бойынша көш бастап тұр. Биыл жүргізілген бағалау нәтижесінде банктердің шамамен 75%-ы жасанды интеллект технологияларын қолданып отырғаны анықталды, деп хабарлайды Tech-news.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биыл Қазақстандағы 94 қаржы ұйымының цифрлық дайындық деңгейін бағалады. Зерттеу нәтижесін агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова Central Asia FinTech Summit барысында таныстырды.

Бағалауға 23 банк, 25 сақтандыру ұйымы, бағалы қағаздар нарығының 31 қатысушысы және 15 микроқаржы ұйымы кірген.

Қаржы ұйымдарының цифрлық деңгейі 100-ден астам параметр бойынша сараланды. Олардың қатарында бизнес-процестерді цифрландыру, деректер сапасы, IT-инфрақұрылым, киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні пайдалану және қызметкерлердің құзыреті бар.

Зерттеу қаржы нарығының жекелеген секторлары арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін көрсетті.

«Көш басында соңғы жылдары цифрландыру мен жасанды интеллектіге қомақты инвестиция салған банктер тұр. Банктердің шамамен 75%-ы қазірдің өзінде жасанды интеллект технологияларын пайдаланады», – деді Мәдина Әбілқасымова.

Он балдық шкала бойынша банктердің цифрлық жетілу көрсеткіші 3,66 балды құрады. Сақтандыру ұйымдарында бұл көрсеткіш 3,4 балға, микроқаржы ұйымдарында 3,1 балға, ал бағалы қағаздар нарығына қатысушылар арасында 3,05 балға тең.

Агенттік төрағасының айтуынша, цифрландыру деңгейіндегі айырмашылық банк секторының өзінде де байқалады. Нарықтағы ірі банктер мен орта және шағын банктердің көрсеткіштері бірдей емес.

Сонымен бірге IT саласына көп қаржы жұмсаудың өзі цифрландырудың жоғары деңгейіне кепілдік бермейді. Бағалау кезінде ұйымның ішкі процестерді қаншалықты автоматтандырғаны, қызметкерлердің біліктілігі және жасанды интеллектіні жұмысқа енгізу деңгейі де ескерілген.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *