TechЭкономика

Қазақстан цифрлық активтерді дамыту бойынша 65 шарадан тұратын жоспарды бекітті

Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамытуға бағытталған 65 шарадан тұратын бірлескен іс-қимыл жоспары мақұлданды. Құжат 10 бағытты қамтиды және цифрлық активтерді төлемдерде, инвестицияда әрі нақты секторды қаржыландыруда қолдану аясын кеңейтуді көздейді, деп хабарлайды Tech-news. 

Жоспар Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бекітілді.

Құжаттағы шаралар цифрлық активтерді қаржы нарығымен ғана шектемей, экономиканың басқа салаларында да пайдалануға мүмкіндік беруге бағытталған.

Жоспарды іске асыру нәтижесінде:

  • капиталды Қазақстанның ашық әрі заңды қаржы айналымына қайтару;
  • төлемдер мен нақты секторды қаржыландыруда цифрлық активтерді қолдану;
  • жаңа инвестициялық құралдарды қалыптастыру;
  • клиенттер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту;
  • цифрлық қаржы қызметтерінің экспортын дамыту көзделіп отыр.

Үкіметтің пікірінше, бұл шаралар инвестициялық тартымдылықты арттырып, цифрлық активтердің бәсекеге қабілетті нарығын қалыптастыруға ықпал етеді.

Премьер-министр Ұлттық банкке мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мемлекет басшысының цифрлық активтер индустриясын дамыту туралы Жарлығында белгіленген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін әрбір басшының дербес жауапкершілігі көзделген. Осыған баса назар аударамын», — деді Олжас Бектенов.

Ұлттық банк бірлескен жоспарды үйлестіріп, белгіленген іс-шаралардың орындалу мерзімдеріне мониторинг жүргізеді.

Жоспардың іске асуы Қазақстандағы цифрлық активтер нарығын жаңа деңгейге шығаруға, қаржы инфрақұрылымын жаңғыртуға және цифрлық құралдардың экономикадағы рөлін күшейтуге бағытталған.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *