Қазақстан мемлекеттік қызметтерді жасанды интеллект арқылы автоматтандыруды жаңа деңгейге шығаруда. Елде AI шешімдерін әзірлеуге арналған бірыңғай ұлттық платформа дамып, eGov AI азаматтармен өзара әрекеттесудің негізгі құралдарының біріне айналып келеді, деп хабарлайды Tech-news.
Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы AI экожүйесінің өзегі саналады. Ол әзірлеушілерге AI өнімдерін жасауға, сынақтан өткізуге және масштабтауға арналған орта ұсынады. Сонымен қатар платформа есептеу қуатына, тілдік модельдерге және AI негізіндегі сервистерді әзірлеу құралдарына қолжетімділік береді.
Жасанды интеллект агенттері бүгінде бірнеше бағытта қолданылады. Олар азаматтардың өтініштерін өңдейді, мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес береді, құқықтық қолдау көрсетеді, медицина саласына көмектеседі және мемлекеттік органдардағы күнделікті жұмысты автоматтандырады.
Осы бағыттағы ең ірі жобалардың бірі — eGov AI интеллектуалды кеңесшісі. Қызмет іске қосылғалы бері ол 2 миллионнан астам сұранысты өңдеп, Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен байланыс орталықтарына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтқан.
Алдағы кезеңде eGov AI мен AlemGPT платформалары одан әрі жетілдіріледі. Негізгі мақсат — мемлекеттік қызметтерді табиғи тілдегі диалог арқылы алу мүмкіндігін кеңейту. Яғни азаматтарға қажетті қызметті немесе порталдағы бөлімді өздігінен іздеудің орнына, AI-мен сөйлесу жеткілікті болады.
Жасанды интеллекттің практикалық қолданылуы бұнымен шектелмейді. AI агенттері газ есептегіштерінің көрсеткіштерін автоматты түрде тіркеуге, терапевт дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге, құқықтық кеңес беруге және мемлекеттік қызметкерлердің күнделікті міндеттерін орындауға көмектесіп жатыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының қолдауымен Astana Smart City қалалық басқару жүйесіне AI технологияларын енгізетін AI-Driven Government жобалық кеңсесі іске қосылды.
Қазақстан цифрлық мемлекеттік қызметтер көрсеткіші бойынша да жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Ел БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде әлем бойынша 24-орында тұр.
Қазір мемлекеттік қызметтердің 90,4%-ы электронды форматта ұсынылады, ал олардың 95,9%-ын смартфон арқылы алуға болады. Сонымен қатар қағаз құжаттардың толық баламасы саналатын 39 цифрлық құжат қолданысқа енгізілген.
2025 жылдың басынан бері азаматтарға 51,5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде eGov.kz порталы арқылы 25,7 миллионнан астам қызмет ұсынылса, eGov Business платформасы 4,6 миллион сұранысты өңдеген. Тамыз айында eGov Mobile қосымшасы AI негізіндегі интеллектуалды іздеу жүйесімен жаңартылды.
Цифрлық трансформация өңірлерді де қамтып отыр. 2025 жылы экономиканың 72 саласына арналған 20 цифрлық трансформация картасы бекітілді. Сонымен бірге бірыңғай Smart Region моделіне көшу басталып, өңірлердің цифрлық даму деңгейін бағалайтын ұлттық стандарт енгізілді. Ол 16 негізгі бағыт пен 90 тиімділік көрсеткішін қамтиды.










