Париждегі Гран-Пале сарайында Халықаралық ғарыш саммиті басталды. Франция президенті Эмманюэль Макронның шақыруымен өткен жиынға әлемнің 120-ға жуық делегациясы қатысып жатыр. Олардың арасында мемлекет және үкімет басшылары, ғарыш агенттіктерінің жетекшілері, ғалымдар, ғарышкерлер, әскери және бизнес өкілдері бар, деп хабарлайды Tech-news.
Саммиттің негізгі тақырыптары – ғарыштағы қауіпсіздік, орбитадағы қақтығыстардың алдын алу, ғарыш экономикасының дамуы және жаңа технологиялар үшін бәсеке. Сондай-ақ орбиталардың шамадан тыс жүктелуі, ғарыш қоқысы, Ай мен Марсты зерттеу және ғарышты адамзаттың ортақ игілігі ретінде жауапты пайдалану мәселелері талқылануда.
Қазақстан атынан саммитке Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысып жатыр.
Қазақстан қазірдің өзінде ғарыштық инфрақұрылымын дамытып келеді. Орбитада Жерді қашықтан зондтауға арналған KazEOSat-1, KazEOSat-2 және KazSTSat спутниктері жұмыс істеп тұр. Олар Жер бетіндегі нысандар мен аумақтарды ғарыштан бақылауға мүмкіндік береді.
Елдің KazSat-2 және KazSat-3 спутниктері ұлттық жүйесі спутниктік байланыс пен хабар тарату қызметтерін қамтамасыз етеді. Қазір жүйені жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Оның аясында KazSat-3 спутнигін жаңа KazSat-3R аппаратына ауыстыру жоспарланған.
Қазақстан ғарыш аппараттарын өз аумағында құрастырып, сынау мүмкіндігін де кеңейтіп жатыр. Астанада ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені жұмыс істейді. Ал 2026 жылғы 30 сәуірде Байқоңырдағы «Бәйтерек» ғарыш-ракеталық кешенінен «Сұңқар» («Союз-5») зымыран-тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы сәтті орындалды.
Алдағы жылдары Қазақстан халықаралық спутниктік жобаларды да дамытуды көздеп отыр. 2030 жылға қарай Жерді қашықтан зондтаудың халықаралық спутниктік тобын құру жоспарланған. Оның құрамына алты қазақстандық спутникпен қатар Моңғолия, Конго Республикасы және Нигерияның аппараттары кіреді.
Алғашқы кезеңде топтама тоғыз спутниктен тұрады. Кейін олардың санын 14-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр.
«Қазақстанның ғарыш саласының тарихы өте бай. Дәл осы Байқоңырдан адамзаттың ғарышты игеру дәуірі басталды. Бүгінде біздің міндетіміз – осы мұраны негізге ала отырып, заманауи әрі технологиялық тұрғыдан дербес ғарыш саласын дамыту. Біз Жерді қашықтан зондтау спутниктерін әзірлеуден бастап, ғарыш техникасын құрастыру мен сынауға дейінгі бағыттарда өз құзыреттерімізді жүйелі түрде күшейтіп келеміз. Сонымен қатар біз өзара тиімді әрі тең дәрежедегі әріптестікке дайынбыз. Бұл Жерді қашықтан зондтау бойынша бірлескен жобалардан бастап, өңірдегі көршілес елдер үшін спутниктер жасауға дейінгі ауқымды қамтиды», – деді Жаслан Мәдиев.
Министр Қазақстан халықаралық серіктестікке де дайын екенін атап өтті. Бұл Жерді қашықтан зондтау бойынша ортақ жобаларды жүзеге асырудан бастап, көрші мемлекеттерге арналған спутниктерді әзірлеуге дейінгі бағыттарды қамтиды.
Саммит аясында Қазақстан делегациясының шетелдік әріптестерімен бірқатар кездесуі жоспарланған. Келіссөздерде технология алмасу, халықаралық ынтымақтастық және ғарыш саласындағы бірлескен жобалар талқыланады.










