Қазақстанның Ұлттық ұланы әскери даярлық пен басқару жүйесін цифрландыруға кірісті. Әскерде жасанды интеллект негізіндегі бейнекамералар сынақтан өткізіліп, командирлерді даярлауға арналған цифрлық оқу орталығы ашылды, деп хабарлайды Tech-news.
Бұл бағыттағы жұмыстар Астанадағы ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде өткен VIII ведомствоаралық ғылыми-практикалық конференцияда талқыланды. Жиынға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының өкілдері, әскери оқу орындарының басшылары, ғалымдар мен салалық мамандар қатысты.
Конференция аясында Ұлттық қорғаныс университетінің Ұлттық ұлан факультетінде жаңа оқу командалық пункті таныстырылды. Ол Ұлттық ұланның жедел бригадалары командирлерін даярлауға арналған. Орталық шешім қабылдауды қолдайтын цифрлық жүйемен жабдықталған. Мұнда болашақ әскери басшылар жедел жағдайды талдауды, ақпаратқа сүйене отырып шешім қабылдауды және цифрлық құралдарды қолдануды үйренеді.
Ғылыми жиында әскери бөлімдердің күнделікті жұмысына цифрлық технологияларды енгізу, жауынгерлік даярлықты жетілдіру және басқару үдерістерін автоматтандыру мәселелері қаралды.
5573 әскери бөлімінің командирі, полковник Жандар Әшірбеков күштік құрылымдардың жауынгерлік және жан-жақты қамтамасыз ету жүйесінде цифрлық шешімдерді қолдану туралы баяндады. Ал Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының өкілдері — подполковник Жасұлан Қапақов пен майор Әлімжан Ахметов әскери қызметті цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану бағыттарын таныстырды.
Қатысушылар AI технологияларын әскери білім беру жүйесінде қолдану мәселесіне де назар аударды. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметіне QAZGRAMMA бағдарламалық кешенін енгізу тәжірибесі таныстырылып, әскери ғылыми-зерттеу жұмыстарын цифрландыру перспективалары талқыланды.
Конференцияға еліміздің бірқатар әскери және арнаулы оқу орындарының мамандары онлайн қатысты. Жиын қорытындысы бойынша баяндамалар талқыланып, қарар жобасы қарастырылды.
Қазір Ұлттық ұлан бөлімдерінде бірнеше цифрлық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында сарбаздардың эмоциялық күйін талдауға арналған жасанды интеллект негізіндегі бейнекамералар бар. Құрылғылар әзірге сынақтан өтуде. Бұдан бөлек, E-Qamqorlyq, E-Nazar, Ulan Senim және «Ұсыныс алаңы» жобалары іске қосылған.









