TechЭкономикаTop

Alatau City индустриялық аймақтарды жаңа экономикалық жүйеге көшірмек

Alatau City-дегі қолданыстағы индустриялық аймақтар қаланың жаңа экономикалық және реттеуші жүйесіне кезең-кезеңімен интеграцияланбақ. Билік қазіргі қатысушылар үшін қалыптасқан шарттарды сақтап, инфрақұрылым, салықтық жеңілдіктер және инвесторларға арналған жаңа тетіктерді әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Tech-news. 

Бұл мәселе Alatau City Authority ұйымдастырған дөңгелек үстелде талқыланды. Кездесуге «Alatau» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы мен «Бирлик», G-Trans Service, «ГОРИЗОНТ», TULIP, Damu Logistics және «Исткомтранс» индустриялық аймақтарының өкілдері қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы – арнайы экономикалық аймақ (АЭА) қатысушыларын Alatau City резиденті мәртебесіне көшіру. Ұсынылып отырған механизм бойынша қолданыстағы келісімшарттарды бұзудың қажеті болмайды, ал қатысушылар үшін қазіргі жағдайлар сақталады.

Жаңа нормаларды 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отыр. Ал қолданыстағы қатысушыларға жаңа мәртебеге 2027 жылғы 1 шілдеге дейін өтуге мүмкіндік беріледі.

Индустриялық аймақтардың дамуы үшін инфрақұрылым мәселесі де маңызды болып отыр. Кәсіпорындарды іске қосу электр энергиясы, газ және су желілерін тартумен қатар жүргізілуі тиіс. Бұған автомобиль және теміржол инфрақұрылымын дамыту да кіреді.

Кейбір өндірістік алаңдарға көлік қатынасын жақсарту мәселесі жеке қаралды. Соның ішінде Алматы көлік торабының айналма жолын салу қажеттігі айтылды.

Кездесуде Alatau City-дің болашақ мастер-жоспары да таныстырылды. Онда аумақтарды аймақтарға бөлу және қазіргі индустриялық аймақтардың жаңа қаланың құрылымындағы орны қарастырылмақ. Жеке меншіктегі және уақытша жер пайдалану құқығындағы учаскелердің мәртебесі де ескеріледі.

Инвесторларға арналған болашақ шарттар қатарында салықтық преференциялар, басым салаларды анықтау, шетелдік сарапшыларды тарту және лицензиялау мәселелері талқыланды.

Тағы бір перспективті бағыт – нақты активтерге құқықтарды токенизациялау. 2026 жылы осы бағытқа қажетті құқықтық және техникалық базаны қалыптастырып, алғашқы пилоттық жобаларды іске қосу жоспарланып отыр.

Индустриялық аймақтардың өкілдері өздерінің қазіргі және болашақ жобаларын таныстырып, оларды дамытуға кедергі болып отырған практикалық мәселелерді атады. Олардың қатарында инженерлік желілерге қосылу, көлік қолжетімділігі, салық шарттары, жер учаскелерінің мәртебесі және АЭА қатысушыларын Alatau City резиденттігіне көшіру тәртібі бар.

Тараптар осы бағыттардың әрқайсысы бойынша жұмысты жалғастыруға келісті. Келесі кездесу индустриялық аймақтардың өкілдерімен 2026 жылғы қазанда өтеді.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *