Қазақстан NVIDIA компаниясымен жасанды интеллект пен есептеу инфрақұрылымы бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның вице-президенті Рев Лебаредянмен кездесіп, елдегі AI-инфрақұрылымның дамуын талқылады, деп хабарлайды Tech-news.
Кездесуде Қазақстан экономикасының басым салаларында жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейту мәселесі көтерілді. Тараптар есептеу қуаттарын арттырумен қатар, технологиялық экожүйе мен мамандар даярлаудың маңызын да атап өтті.
Қазірдің өзінде Қазақстанда NVIDIA технологиялары негізінде екі суперкомпьютер кластері іске қосылған. Бұл инфрақұрылым жасанды интеллект модельдерін әзірлеу, деректерді өңдеу және жоғары өнімді есептеулер жүргізу үшін қажет.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі — Екібастұздағы «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы болды. Жоба бастапқы кезеңде шамамен 30 МВт қуатты есептеу инфрақұрылымын құруды қарастырады. Кейін оның қуатын 1 ГВт-қа дейін жеткізу жоспарланған.
Тоқаев бұл жобаны іске асыруда NVIDIA және Firebird компанияларымен жасалған келісімдердің маңызын атап өтті.
Өз кезегінде Рев Лебаредян Қазақстандағы AI-инфрақұрылымның даму қарқынын атап өтіп, NVIDIA-ның «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасының келесі кезеңіне қатысуға қызығушылық танытты.
Кездесуде Қазақстанның технологиялық экожүйесін кеңейту және жасанды интеллект саласына қажетті кадрларды даярлау мәселелері де қаралды.









