TechЭкономика

Қазақстан мен Әзербайжан Каспий арқылы 400 Тбит/с жылдамдықтағы интернет желісін іске қосты

Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің түбімен өтетін суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты. Жобаның ашылуына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қатысты. Жаңа инфрақұрылым Азия мен Еуропа арасындағы деректер алмасудың балама бағытын қалыптастырып, Қазақстанның халықаралық цифрлық транзиттегі мүмкіндігін кеңейтеді, деп хабарлайды Tech-news. 

Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі (ТОБЖ) Қазақстанның Қытайға шығатын құрлықтағы телекоммуникациялық инфрақұрылымын Әзербайжан желілерімен байланыстырады. Одан әрі деректер Кавказ бен Еуропаның байланыс желілеріне жеткізіледі.

Бұл бағыт халықаралық интернет-трафикті тасымалдауға қосымша мүмкіндік береді. Сонымен қатар операторлар деректер ағынын бірнеше арнаға бөліп, негізгі желілердің бірінде ақау туындаған жағдайда балама бағытты пайдалана алады. Мұның өзі халықаралық байланыстың тұрақтылығын арттыруға көмектеседі.

Суасты кабеліне 64 оптикалық талшық орналастырылған. Жобаның есептік өткізу қабілеті секундына 400 терабиттен асады. Бұл желі арқылы өте үлкен көлемдегі деректерді тасымалдауға мүмкіндік береді.

Жаңа инфрақұрылым Қазақстанда дата-орталықтар, бұлтты платформалар мен жасанды интеллект жүйелеріне арналған есептеу қуаттарын дамытуға да жол ашады. Мұндай нысандар үшін жоғары өткізу қабілетімен қатар, деректерді жеткізу кезіндегі кідірістің аз болуы маңызды.

Жоба аясында Ақтау мен Ыстанбұл арасындағы сигнал кідірісі 34 миллисекунд болады деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш халықаралық цифрлық қызметтерді орналастыру мен шетелдік пайдаланушыларға қызмет көрсету кезінде маңызды рөл атқарады.

Жаңа бағыттың іске қосылуы Қазақстанның тек деректерді транзит арқылы өткізіп қана қоймай, оларды сақтау және өңдеу қызметтерін дамытуына мүмкіндік береді. Бұл отандық технологиялық компаниялардың халықаралық нарыққа шығуына және елге цифрлық инфрақұрылымға инвестиция тартуға қолайлы жағдай қалыптастырады.

Болжам бойынша, жаңа бағыттың пайда болуы алдағы жылдары халықаралық транзиттік трафик көлемін екі еседен астам арттырып, секундына 21,6 терабитке жеткізуі мүмкін.

Желіні салу бойынша белсенді жұмыстар 2025 жылы басталған. Іске қосылғанға дейін мамандар Каспий теңізінің түбін зерттеп, кеме қатынасы, әскери қызмет пен мұнай-газ нысандарының орналасуын ескере отырып, кабельдің бағытын келісті. Суасты кабелін теңіз түбіне төсеу де техникалық тұрғыдан күрделі жұмыстардың бірі болды.

Транскаспий ТОБЖ-ның іске қосылуы Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен жұмысының нәтижесі саналады. Жоба екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып қана қоймай, Азия мен Еуропа арасындағы цифрлық байланысты дамытуға негіз қалайды.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *