Қазақстандық киберспортшы Данил «molodoy» Голубенко Бразилияның FURIA Esports командасымен бірге Thunderpick World Championship 2026 турнирінің чемпионы атанды. Финалда команда BetBoom Team ұжымын 3:2 есебімен жеңіп, 500 мың доллар көлеміндегі бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Tech-news.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 миллион долларды құрады. FURIA бұл жеңісімен былтырғы чемпиондық атағын да сақтап қалды.
Best-of-5 форматындағы финалда жеңімпаз бес картаның қорытындысы бойынша анықталды. Алғашқы Dust2 картасында FURIA қарсыласын 13:6 есебімен сенімді жеңді. Алайда BetBoom Team кейін ойынды өз бақылауына алып, Ancient картасында қосымша раундтарда 19:16 есебімен басым түсті. Одан кейін Nuke картасын 13:9 есебімен ұтып, серияда 2:1 алға шықты.
Жеңіліс шегінде тұрған FURIA Mirage картасында қарқынын қайта тауып, 13:11 есебімен жеңіске жетті. Чемпион тағдыры Cache картасында шешілді. Бұл картада бразилиялық ұжым 13:6 есебімен басым түсіп, матчты өз пайдасына аяқтады.
21 жастағы Данил Голубенко финалдық серияда FURIA сапындағы ең нәтижелі ойыншы болды. Ол бес картада 85 фраг жинап, команданың жеңіске жетуіне елеулі үлес қосты.
Дегенмен турнирдің ең үздік ойыншысы — MVP атағы екінші жыл қатарынан FURIA ойыншысы Кайке «KSCERATO» Сератоға бұйырды.
Жеңістен кейін Голубенко Instagram парақшасында Thunderpick World Championship турнирінің алтын медалімен түскен суретін жариялады. Оның ойын жейдесінде Бразилия, Қазақстан және Латвияның тулары бейнеленген. FURIA құрамында Латвия өкілі Юрис «YEKINDAR» Галис та өнер көрсетеді.
Қазақстандық киберспортшы жазбасында командасын қолдаған жанкүйерлерге алғыс айтып, жақын арада қайта кездесетіндерін жеткізді. Сондай-ақ бірнеше күн демалып алатынын әзілмен атап өтті.
FURIA ұйымы үшін бұл — соңғы 11 айдағы алғашқы ірі трофей. Ал molodoy үшін халықаралық аренадағы кезекті жеңіс оның әлемдік Counter-Strike сахнасындағы беделін нығайта түсті.










