Қазақстан Үкіметі цифрлық трансформация жағдайында мемлекеттік аппараттың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді жоспар әзірлейді. Ұлттық экономика министрлігіне құжат жобасын бір ай ішінде дайындап, Үкіметке енгізу тапсырылды, деп хабарлайды Tech-news.
Тиісті тапсырманы Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауын іске асыру мәселелері қаралған Үкімет отырысында берді.
Үкімет басшысының айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту және цифрлық трансформация жағдайында мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру — негізгі міндеттердің бірі.
Жоспар жобасын Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлейді. Құжат мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың негізгі бағыттарын қамтуы тиіс.










