Австралиялық Canva дизайн платформасы компания құрылымын қайта ұйымдастырып, қызметкерлерінің 22%-ына әсер ететін өзгерістер енгізбек. Соның ішінде жұмыс орындарын қысқарту, қызметкерлерді басқа қалаларға көшіру және кейбір мамандардың міндеттерін өзгерту қарастырылған. Бұл шешім жалпы 1 271 қызметкерге қатысты, деп хабарлайды Tech-news.
Canva компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Мелани Перкинс мұны стартаптың 13 жылдық тарихындағы ең күрделі шешімдердің бірі деп атады. Оның айтуынша, компания соңғы он жылда алғаш рет өсім қарқынының баяулағанын байқап отыр.
«Бұл – біздің ең қиын жылымыз болды. Жыл басында хабарлағанымыздай, соңғы онжылдықта алғаш рет өсіміміз баяулады», – деп жазды Перкинс қызметкерлерге жолдаған хатында.
Қайта ұйымдастыру аясында кейбір мамандар басқа қызметке ауысуы немесе компанияның орталық кеңселеріне көшуі мүмкін. Сонымен қатар бірқатар қызметкермен қоштасуға тура келеді. Canva-ның мәліметінше, Сидней компанияның өнім әзірлеумен айналысатын командалары үшін негізгі орталыққа айналады. Ал келесі жылдан бастап гибридті форматта жұмыс істейтін қызметкерлер аптасына екі-үш күн кеңсеге келуге міндеттеледі.
Компанияның нарықтық бағасына да қысым күшейген. Биыл Canva инвесторлары Blackbird Ventures пен Airtree стартаптың бағасын өткен жылдың соңындағы 60 млрд австралиялық доллардан шамамен 49 млрд австралиялық долларға дейін төмендеткені хабарланды. Бұл 2026 жылғы 4 қарашадағы бағаммен есептегенде, шамамен 41,8 млрд доллардан 34,2 млрд долларға дейінгі төмендеуді білдіреді.
Бұған жасанды интеллекттің дизайн нарығына ықпалы және жаңа AI құралдарын әзірлеуге кететін шығындардың өсуі әсер еткен. Компания да ішкі бағалау көрсеткішін қайта қарағаны туралы ақпарат тарады.
Мелани Перкинстің пікірінше, жаңа технологиялар адамдардың контент жасау тәсілін ғана емес, цифрлық өнімдерге қоятын талаптарын да өзгертіп жатыр. Сондықтан Canva нарықтағы өзгерістерге бейімделіп, өнімдерін дамыту стратегиясын қайта қарауға мәжбүр.
Айта кетейік, Перкинс 19 жасында университеттегі оқуын тоқтатып, алғашқы жобасын бастаған. Ол Canva платформасын 2013 жылы іске қосты. Қазір сервис кәсіби дизайн дағдылары жоқ пайдаланушыларға да графика, презентация, жарнама материалдары мен түрлі визуалды контент жасауға мүмкіндік береді. Платформада дайын шаблондар мен дизайн құралдары ұсынылған.








