SpaceX алдағы екі-үш жылда Starlink желісінің өткізу қабілетін 100 есеге дейін арттыруды көздеп отыр. Илон Масктың айтуынша, бұған жаңа буындағы V3 спутниктерін ұшыру және олардың санын күрт көбейту арқылы қол жеткізуге болады, деп хабарлайды Tech-news.
Қазір Жер орбитасында Starlink жүйесіне тиесілі шамамен 11 мың спутник бар. Олардың басым бөлігі екінші буынға жатады. Ал SpaceX жаңа V3 спутниктерін орбитаға шығара бастады.
Үшінші буындағы аппараттардың өнімділігі алдыңғы модельдермен салыстырғанда 10 еседен астам жоғары. Бұған қоса, компания орбитаға жіберілетін спутниктер санын да 10 есе арттыруды жоспарлап отыр.
Масктың болжамынша, жаңа спутниктердің қуаты мен олардың санының көбеюі Starlink желісінің мүмкіндіктерін алдағы екі-үш жылда айтарлықтай кеңейтеді. Нәтижесінде жүйе әлдеқайда көп дерек тасымалдап, пайдаланушыларға жоғары өткізу қабілетін ұсына алады.
SpaceX бұдан да қуатты V4 буынын әзірлеп жатыр. Кәсіпкердің айтуынша, төртінші буын спутниктерінің өнімділігі V3 модельдерінен 10 есе жоғары болуы мүмкін.
Осылайша, SpaceX спутниктік интернет нарығындағы мүмкіндіктерін жаңа буындағы аппараттар арқылы кеңейтуді жоспарлап отыр.










