Америкалық Intel чип өндірушісінің акционерлері компания басшылығын дербес компьютерлер (ДК) нарығындағы сатылымның төмендеуін инвесторлардан жасырды деп айыптап, сотқа жүгінді. Компания акциялары бір күнде шамамен 29%-ға арзандап, оның нарықтық құны миллиардтаған долларға қысқарған, деп хабарлайды Tech-news.
Акционерлердің пікірінше, Intel инвесторларға компанияның нақты жағдайын көрсетпейтін, «елеулі түрде жалған әрі жаңылыстыратын» мәлімдемелер жасаған. Атап айтқанда, басшылық ДК сатылымының баяулауы мен деректер орталықтарына арналған жобалардың қаржылық нәтижелерге ықпалы туралы толық ақпарат бермеген. Бұл туралы Калифорния штатының Сан-Хосе қаласында ұсынылған ұжымдық талап-арызда айтылған.
Талап-арызға сәйкес, компанияның қазан айында жариялаған қаржылық есебі бұған дейінгі нарықтағы сұраныс қалпына келе бастады деген болжамдарға күмән келтірген. Intel сол кезде қыркүйек айында аяқталған үш айлық кезеңде компьютерлік жабдықтар сатылымының айтарлықтай төмендегенін хабарлаған.
Акционерлер сатылымның құлдырауы компанияның тоқсандық түсіміне де әсер еткенін алға тартады. Олардың мәліметінше, ДК нарығындағы сұраныстың әлсіреуінен Intel-дің тоқсандық түсімі 9%-ға, яғни шамамен 800 миллион долларға азайып, 8,1 миллиард долларды құраған.
Robbins Geller Rudman & Dowd заң фирмасы дайындаған талап-арыз Intel компаниясына, оның бас атқарушы директоры Тан Лип-Бу мен бірқатар жоғары лауазымды басшысына қарсы берілген. Іс 23 шілде мен 29 қазан аралығында Intel-дің жай акцияларын иеленген инвесторлардың атынан қозғалған. BBC түсініктеме алу үшін компанияға хабарласқан.
Соңғы уақытта Intel жасанды интеллектіні дамытуға қажетті есептеу қуатына деген сұранысты қанағаттандыру үшін өндіріс саласына қомақты инвестиция салып келеді. Алайда деректер орталықтарына арналған жартылай өткізгіштерге сұраныстың артуы компьютерлер мен басқа да электроника құрылғыларына қажетті чиптердің қымбаттауына әсер еткен.
Intel басшысы Тан Лип-Бу қазанда сарапшылармен кездесуде жартылай өткізгіштер нарығында «жады чиптерінің бұрын-соңды болмаған тапшылығы» қалыптасқанын айтқан. Оның сөзінше, бұл жағдай компьютерлерге арналған чиптердің жеткізілуіне де кедергі келтіріп отыр.
«Бұл мәселелерді шұғыл шешуіміз керек», – деген ол.
Соңғы бір айда Intel акцияларының құны 37,5%-ға төмендеген. Соған қарамастан, жыл басынан бері компания бағалы қағаздарының жалпы өсімі 51%-ды құрап отыр.










