TechПолитика

Біз Қытайды стереотип арқылы ғана бағалаймыз – Дулат Тастекей

Танымал кәсіпкер, меценат Дулат Тастекей Қытайдың Гуанчжоу қаласына жасаған іскерлік сапарынан алған әсерін бөлісті. Кәсіпкер өз жазбасында заманауи технологиялар, өндіріс ауқымы және қазақстандық бизнес үшін тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталған, деп хабарлайды Tech-news.

Қытайдың технологиялық және өндірістік орталығы – Гуанчжоу қаласына барған Дулат Тастекей бұл аймақтың әлеуетіне жоғары баға берді. Кәсіпкердің пайымдауынша, біз көршілес елдің даму деңгейін әлі де жете түсіне алмай келеміз.

«Гуанчжоуда өткізген 3-4 күнде бір дүниені анық аңғарғандаймын: біз Қытайды әлі толық түсінбейміз немесе мүлде қақпаймыз…», – деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Кантон жәрмеңкесі: масштаб пен жүйе

Кәсіпкер әлемге әйгілі Кантон жәрмеңкесінде болып, оның ауқымына таңданысын жасырмады. Ол Қытайдағы кез келген жұмыстың артында үлкен жүйе мен жылдамдық тұрғанын атап өтті.

«Атағы жер жаратын Кантон жәрмеңкесін алғаш рет өз көзіммен көріп қайттым. Көрме десең – көрме, жәрмеңке десең – жәрмеңке. Бірақ шын мәнінде бұл – масштабтың, жүйенің және жылдамдықтың көрінісі. Бір нәрсе анық: Қытайда ештеңе «жай ғана» жасалмайды».

Дулат Тастекейдің айтуынша, Гуанчжоу – жай қала емес, ол өндіріс, сауда және логистиканың түйіскен жері. Мұндағы қарқынды көру адамның өз еліне, өз ісіне басқа көзбен қарауына мүмкіндік береді.

Стереотиптер – дамудың тежегіші

Кәсіпкер қазақстандықтардың арасында Қытай туралы қалыптасқан ескі стереотиптерді сынға алды. Оның пікірінше, бұл жаңсақ ойлар жаңа мүмкіндіктерді көруге кедергі келтіреді.

«Бірақ бір шындық бар: біз Қытайды көбіне өзіміздің стереотип арқылы ғана бағалаймыз. Ал стереотиппен ойлайтын адам – мүмкіндікті кеш көреді».

Тәжірибе алмасу және іскерлік байланыс

Сапар аясында Дулат Тастекей бастаған қазақстандық кәсіпкерлер тобы Xpeng, Ehang, Vip.com сияқты әлемдік алпауыт компаниялардың басшыларымен кездесіп, пікір алмасқан. Кәсіпкер мұндай кездесулердің маңыздылығын былай деп түсіндіреді:

«Оның үстіне жаныңда кәсіпкерлер жүргенде әрбір дүниені сол жерде талқылап, тез фильтрден өткізу – түсінікті одан сайын тереңдетеді. Біреу бағаға қарайды, біреу модельге, біреу логистикасына. Соның бәрі қосылып, басқа деңгейдегі ой қалыптасады», – деді ол.

Дулат Тастекей YPO Kazakhstan аясында «China Retreat» шарасын дәстүрге айналдыруды көздеп отырғанын айтты. Оның мақсаты — жыл сайын кем дегенде бір ірі индустриялық қалаға барып, жергілікті компаниялармен жүйелі түрде тәжірибе алмасу.

«Себебі даму — тек оқығаннан емес. Даму — көргенде, сөйлескенде, салыстырғанда келеді», — деп түйіндеді ол.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *