TechПолитика

Балаларға әлеуметтік желіге шектеу: қай елдер жаңа ережелер енгізіп жатыр?

Әлемнің бірқатар елдері балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеуге кірісті. Австралия бастаған бұл трендке Еуропа, Азия және Солтүстік Америка елдері де қосылып, жас шектеулерін енгізу немесе жаңа заңдар қабылдау жолын таңдауда, деп хабарлайды Tech-news.

Балалардың интернеттегі қауіпсіздігі жаһандық күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың біріне айналып отыр. Соңғы жылдары көптеген мемлекеттер кибербуллинг, цифрлық тәуелділік және психикалық денсаулыққа әсері сияқты мәселелерге байланысты әлеуметтік желілерді пайдалануға жас шектеулерін енгізе бастады.

Бұл бағыттағы алғашқы қадамдардың бірін Австралия жасады. Елде 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге TikTok, Instagram, YouTube және X платформаларын пайдалануға тыйым салынды. Пайдаланушылардың жасын нақты тексеру міндеті платформалардың өздеріне жүктелген. Ал WhatsApp пен YouTube Kids бұл шектеуден тыс қалды. Австралияның тәжірибесінен кейін басқа елдер де ұқсас бастамаларды қолға алды.

Малайзия 2026 жылға дейін 16 жасқа дейінгі балалар үшін осындай шектеуді толық енгізуді жоспарлап отыр.
Дания 15 жасқа дейінгі жасөспірімдерге арналған заң жобасын дайындауда. Билік пайдаланушылардың жасын анықтау үшін арнайы цифрлық төлқұжат қосымшасын әзірлеуде.

Грецияда жаңа ережелер 2027 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енуі мүмкін. Ел билігі бұл шара балаларды депрессия, ұйқысыздық және цифрлық тәуелділіктен қорғауға көмектеседі деп есептейді.

Индонезия 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың әлеуметтік желілермен қатар Roblox сияқты ойын платформаларына кіруін де шектеуді көздеп отыр.

Австрия 14 жасқа дейінгі балаларға қатысты заң жобасын әзірлеуде. Ал Франция парламентінің төменгі палатасы 15 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеуді қолдап дауыс берді.

Канада 16 жасқа дейінгі балаларға қатысты қатаң ережелер ұсынды. Дегенмен, егер платформа балалар үшін толық қауіпсіз екенін дәлелдей алса, оған ерекше мәртебе берілуі мүмкін.

Испания әлеуметтік желілерге шектеу енгізумен қатар, платформалардағы өшпенділік контенті үшін компания басшыларының жеке жауапкершілігін күшейтуді талқылап жатыр.

Түркия, Польша және Словенияда тиісті заң жобалары әлі қаралу кезеңінде. Германияда консервативті күштер 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді шектеуді ұсынғанымен, билік әзірге мұндай қадамды тым қатаң деп санайды.

Ал Ұлыбритания бұл мәселені зерттеу сатысында. Елде ата-аналар мен жасөспірімдер арасында сауалнама жүргізіліп, ықтимал шектеулердің тиімділігі бағаланбақ.

Сонымен бірге бұл бастамаларға қарсы пікірлер де бар. Сарапшылардың бір бөлігі жасын тексеру жүйелері пайдаланушылардың жеке деректерін жинау көлемін арттыруы мүмкін екенін айтады. Бұған қоса, жасөспірімдердің техникалық шектеулерді айналып өтудің жолдарын табуы да мұндай заңдардың тиімділігіне қатысты сұрақтар туындатып отыр.

Соған қарамастан, балалардың цифрлық қауіпсіздігі мәселесі көптеген елдер үшін стратегиялық бағытқа айналып келеді. Сондықтан әлеуметтік желілерді реттеу алдағы жылдары технологиялық саясаттағы негізгі трендтердің бірі болуы мүмкін.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *