Компьютеры

Қытай мұхит түбінде AI серверлері бар дата-орталықты іске қосты

Қытай Шанхай жағалауында әлемдегі ең ірі суасты дата-орталықтарының бірін пайдалануға берді. 35 метр тереңдікте орналасқан нысан жасанды интеллект есептеулерін орындайтын шамамен 2000 серверді қамтиды және дәстүрлі деректер орталықтарына қарағанда әлдеқайда аз энергия жұмсайды, деп хабарлайды Tech-news.

Қытай цифрлық инфрақұрылым саласындағы ерекше жобалардың бірін жүзеге асырды. Елде толыққанды жұмыс істейтін суасты деректерді өңдеу орталығы іске қосылып, ол Шанхай жағалауынан 35 метр тереңдікке орналастырылды.

Жобаның құны 226 миллион долларды құрайды. Орталықта шамамен 2000 сервер жұмыс істейді, оның ішінде жасанды интеллект модельдерін оқыту мен күрделі есептеулерге арналған GPU-кластерлер де бар. Нысанның толық коммерциялық жұмысы 2026 жылдың мамырында басталады.

Жобаның басты ерекшелігі – табиғи салқындату жүйесі. Құрлықтағы дата-орталықтар электр энергиясының 40-50 пайызын серверлерді салқындатуға жұмсайды. Ал суасты кешенінде бұл міндетті теңіз суы атқарады.

Серверлер арнайы герметикалық және жоғары қысымға төзімді модульдерге орнатылған. Энергияның 95 пайыздан астамы теңіздегі жел электр станцияларынан жеткізіледі.

Осының арқасында нысанның энергия тиімділігі көрсеткіші (PUE) 1,15-тен төмен деңгейде сақталып отыр. Салыстыру үшін, әлемдік дата-орталықтардағы орташа көрсеткіш шамамен 1,5 деңгейінде. Сонымен қатар жаңа кешеннің энергия тұтынуы осындай көлемдегі жерүсті орталығына қарағанда 22,8 пайызға төмен және жұмыс барысында тұщы су пайдаланылмайды.

Суасты дата-орталығы идеясы жаңа емес. Бұған дейін Microsoft компаниясы Project Natick бағдарламасы аясында ұқсас технологияны сынақтан өткізген еді. Компания зерттеулері бойынша су астындағы серверлердің істен шығу деңгейі құрлықтағы жабдықтарға қарағанда сегіз есе төмен болған.

Алайда Microsoft техникалық қызмет көрсету күрделі болғандықтан жобаны жалғастырмады.

Қазіргі таңда нысан тұрақты режимде жұмыс істеп тұр. Оператор компания — HiCloud бұдан да ауқымды жобаға дайындалып жатыр. Компания қуаты 500 мегаваттқа дейін жететін келесі суасты дата-орталығын салу жөніндегі келісімге қол қойған.

AI сервистеріне сұраныс күрт өсіп жатқан кезеңде мұндай жобалар дата-орталықтардың энергия тұтынуын азайтып, инфрақұрылымды тиімдірек ету жолдарының бірі ретінде қарастырылып отыр.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *