Армения мен АҚШ жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған технологиялық серіктестікті бастады. Екі ел AI инфрақұрылымын дамыту, инвестиция тарту және деректер орталықтарын салу бойынша бірлесіп жұмыс істемек, деп хабарлайды Tech-news.
Армения мен АҚШ ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжаттың негізгі бағыты – жасанды интеллект экожүйесін дамыту және технологиялық инвестицияларды ұлғайту.
Келісімге Арменияның АҚШ-тағы елшісі Нарек Мкртчян мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Джейкоб Хелберг қол қойды.
Тараптардың жоспарына сәйкес, әріптестік тұрақты әрі бәсекеге қабілетті AI экожүйесін қалыптастыруға бағытталады. Бұл экономиканың өсуіне, технологиялық әлеуетті арттыруға және екі елдің экономикалық қауіпсіздігін күшейтуге ықпал етуі тиіс.
Ынтымақтастық үш негізгі бағытты қамтиды.
Бірінші бағыт – инновацияларға қолайлы құқықтық және реттеуші орта қалыптастыру. Оның аясында AI жобаларын сынақтан өткізуге жағдай жасалып, жаңа технологияларды коммерциялық енгізуге және инвестиция тартуға басымдық беріледі.
Екінші бағыт болашақтың технологиялық инфрақұрылымын дамытуға арналған. Мұнда энергетикалық қуатты күшейту, стратегиялық маңызды материалдардың жеткізу тізбегін жетілдіру, жартылай өткізгіштер өндірісін дамыту және жоғары білікті инженерлер мен IT мамандарын даярлау көзделген.
Үшінші бағыт жеке капиталды тартуға бағытталған. Армения мен АҚШ венчурлік инвестицияларды кеңейтуді, бірлескен ғылыми зерттеулерді қолдауды, жаңа буын дата-орталықтарын (data center) салуды және жасанды интеллект модельдерін оқытуға қажет жоғары өнімді есептеу ресурстарына қолжетімділікті арттыруды жоспарлап отыр.
Бұл бастама Арменияның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі позициясын нығайтып, АҚШ-пен жоғары технологиялар саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.










