Астанада 1 қазанда AI MONTH аясындағы басты халықаралық оқиға — AI & Digital Bridge 2026 форумы басталды. Алғашқы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және робототехника саласындағы отандық жобалармен танысып, Қазақстанның AI-индустриясын дамыту басымдықтарын атады, деп хабарлайды Tech-news.
Форум көрмесінде Мемлекет басшысына Qazaq AI Research University (QAIRU) базасында іске қосылған AI-Enabled University моделі таныстырылды. Университет Қазақстандағы жасанды интеллектке маманданған алғашқы зерттеу жоғары оқу орны ретінде ұсынылды. Мұнда білім беру мен ғылыми зерттеулерге AI технологияларын кеңінен енгізу көзделген.
Көрмеде бұдан бөлек Trusted Kazakhstan цифрлық қызметі, ауылдық шағын жинақты мектептерге жасанды интеллект енгізуге бағытталған ALFA жобасы және ұлттық Aitu мессенджерінің жаңартылған мүмкіндіктері көрсетілді.
«Самұрық-Қазына» тобы AI негізіндегі бірнеше шешімін таныстырды. Олардың қатарында кен орнының цифрлық телнұсқасы және өндірістік нысандарды бақылауға арналған Smart Диагностика жобасы бар.
Генеративті AI арқылы бейнеконтент жасауға мүмкіндік беретін Higgsfield.ai технологиялары да көрмеге қойылды. Сонымен қатар Қазақстанда деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект инфрақұрылымын біріктіретін Data Center Valley жобасы таныстырылды. Жоба Орталық Азиядағы ірі деректерді өңдеу және AI инфрақұрылымы кластерін қалыптастыруды көздейді.
Биылғы форумның негізгі концепциясы — «Қазақстан — Еуразияның жасанды интеллект орталығы». Ұйымдастырушылар бұл бағытты технологиялық экожүйені дамыту, халықаралық инвестиция мен сараптаманы тарту, мамандар даярлау және AI компанияларының өсуіне жағдай жасау міндеттерімен байланыстырады.
Форумның алғашқы күніндегі пленарлық отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллекттің өнеркәсіп, қаржы, білім, ғылым, мемлекеттік басқару және күнделікті өмірге әсері артып келе жатқанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, AI & Digital Bridge күн тәртібі жыл сайын кеңейіп келеді. Биыл цифрландырумен қатар есептеу инфрақұрылымы, үлкен тілдік модельдер, робототехника, заңнамалық реттеу және технологиялық қауіпсіздік мәселелері талқылануда.
«Технологиялық серпіліс жасау үшін үш маңызды шарт қажет: түсінікті әрі тұрақты ережелер, кәсіпкерлер қауымдастығының сенімі және мемлекет, бизнес пен ғылымның тығыз ынтымақтастығы», — деді Президент.
Форумға халықаралық технологиялық индустрия өкілдері де қатысты. Олардың арасында NVIDIA компаниясының Physical AI симуляциясы жөніндегі вице-президенті Рев Лебаредян, General Atlantic директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас директоры Билл Форд, Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан және E-Space компаниясының бірлескен негізін қалаушы әрі бас директоры Грег Уайлер бар.
Президент Қазақстанның жасанды интеллектті бейбіт, қауіпсіз және жауапты түрде дамыту ұстанымын да атап өтті. Ол халықаралық білім алмасу, бірлескен зерттеулер, инвестиция, технологиялық серіктестік және таланттарды дамыту қажеттігін айтты.
Алғашқы күннің тағы бір маңызды оқиғасы — Qazaq Artificial Intelligence Research University зерттеу университетінің ресми ашылуы. Университеттің мақсаты — AI экономикасына қажетті мамандар даярлау және зерттеу инфрақұрылымын дамыту.
Премьер-Министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев университеттің білім беру мен зерттеуден бастап технологиялық өнім жасау және оны нарыққа шығаруға дейінгі толық циклді қалыптастыруы тиіс екенін айтты.
AI & Digital Bridge 2026 бағдарламасы 2–3 қазанда жалғасады. Ашық бағдарламада жасанды интеллект және есептеу инфрақұрылымы, венчурлық инвестициялар, цифрлық қаржы, технологиялық кәсіпкерлік, киберқауіпсіздік, адами капитал, GameDev, креативті индустриялар және AI-ды бизнес пен мемлекеттік басқаруда қолдану мәселелері қаралады.
Форум тек технологиялық шешімдерді таныстырумен шектелмей, AI компанияларын дамыту, капитал мен мамандар тарту, есептеу қуатын арттыру және цифрлық экономиканың жаңа орталықтарын қалыптастыру мәселелерін де қамтиды.










