Қазақстанда цифрлық активтер индустриясын дамыту аясында Алатау қаласында крипто-сити құру тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Жоба криптоиндустрияның әлеуетін кеңінен пайдалануға бағытталмақ. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Central Asia FinTech Summit алаңында крипто-сити тұжырымдамасы Алатау қаласының әкімдігімен бірлесіп әзірленіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Tech-news.
Оның сөзінше, Алатау-ситиді дамыту тек құрылыс, инвестиция тарту және экономиканың нақты секторына жаңа технологияларды енгізумен шектелмейді.
«Алатау-сити девелопмент, инвестиция тарту және нақты сектордағы жаңа технологиялар төңірегінде ғана дамымайды. Бұл криптоиндустрияның толық әлеуетін ашумен де байланысты болады», – деді Тимур Сүлейменов.
Қазір болашақ жобаны Қазақстандағы цифрлық активтерді реттеу жүйесімен және «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясымен үйлестіру, сондай-ақ өңірлік интеграция мәселелері қарастырылып жатыр.
«Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жақын арада әріптестерімізбен бірге бұл туралы кеңірек нарыққа айтып, егжей-тегжейлі таныстырамыз деп ойлаймын», – деді Ұлттық банк басшысы.
Сүлейменов Қазақстандағы цифрлық активтер нарығының дамуына да тоқталды. Оның айтуынша, 1 мамырдан бастап елдің жалпы юрисдикциясында бұл саланы толыққанды реттеу режимі қолданыла бастады. Бұған дейін, 2022 жылдан бері тиісті режим АХҚО аумағында жұмыс істеген.
«Криптовалютадан бастап токенделген активтерге дейінгі цифрлық қаржы активтерінің барлық түрі кешенді, заманауи әрі икемді реттеуге ие болды. Қазірдің өзінде лицензияланған провайдерлер мен криптоайырбастау сервистері бар», – деді ол.
Ұлттық банк төрағасының мәліметінше, KASE цифрлық активтерді шығару және саудалау инфрақұрылымын дамытып жатыр. Ал Орталық депозитарий оларды кастодиандық сақтау жүйесін қалыптастыруда. Банктер мен қаржы ұйымдары да реттелетін крипто-фиат арналарының жұмысын дамытып келеді.










