Алдағы бес жылда дәстүрлі қаржы (TradFi) мен цифрлық активтер, соның ішінде DeFi арасындағы айырмашылық айтарлықтай азаюы мүмкін. Binance Kazakhstan бас менеджері Нұрхат Көшімовтің айтуынша, екі нарықтың бірігу үрдісі қазірдің өзінде басталып кеткен, деп хабарлайды Tech-news.
Бұл туралы ол Astana Finance Days 2026 шарасында айтты.
Көшімов дәстүрлі қаржы ұйымдары цифрлық активтер индустриясының технологиялары мен бизнес-модельдерін біртіндеп қабылдайтынын атап өтті.
«Менің ойымша, бес жылдан кейін цифрлық активтер, DeFi және TradFi арасында айқын айырмашылық болмайды. Олар бірігеді», — деді ол.
Оның сөзінше, дәстүрлі қаржы институттары өздерінің нарықтағы позициясын пайдаланып, жаңа технологиялар мен бизнес стратегияларын енгізе алады.
Көшімов бұл өзгерістің мысалы ретінде Binance-тің өз бағытын кеңейткенін келтірді. Компания бастапқыда криптовалюта биржасы ретінде жұмыс істесе, кейін дәстүрлі қаржы құралдарына да бет бұрып, брокерлік қызметтерді ұсына бастаған.
Қазір платформа арқылы америкалық акцияларды сатып алуға болады. Көшімовтің пікірінше, алдағы уақытта қолжетімді бағалы қағаздардың түрі мен географиясы да кеңеюі мүмкін.
Нарықтағы өзгеріс инвесторлардың мінез-құлқынан да байқалады. Binance Kazakhstan басшысының айтуынша, кейбір пайдаланушылар инвестициялауды криптовалютадан бастап, кейін бағалы қағаздар нарығына өтеді.
«Пайдаланушылардың мінез-құлқы айтарлықтай өзгеріп жатыр. Жаңа буын басқаша, және біртіндеп барлығы бұған бейімделуде», — деді ол.
Көшімов цифрлық активтердің төлемдер саласындағы мүмкіндіктеріне де тоқталды. Дәстүрлі халықаралық аударымдар бірнеше күнге созылып, қосымша комиссия талап етуі мүмкін. Ал цифрлық активтерге негізделген технологиялар мұндай операцияларды жылдамдатуға мүмкіндік береді.
Оның болжамынша, қаржы нарығының келесі кезеңі бірнеше бағыттың қатар дамуымен байланысты болады. Олардың қатарында активтерді токенизациялау, тәулік бойы сауда жасау мүмкіндігін кеңейту және дәстүрлі қаржы мен цифрлық активтер нарығын одан әрі жақындату бар.









