Қазақстанда eGov GPT цифрлық ассистенті арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саны жыл соңына дейін үш есеге көбейеді. Қазір ассистенттің диалогтық терезесі арқылы 50 қызмет қолжетімді болса, бұл көрсеткішті 150-ге жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Tech-news.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы ел өмірінің әр саласына, бірінші кезекте, азаматтарға және бизнеске мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде озық технологиялар мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу міндетін қойды. Жасанды интеллект құралдарын шешім қабылдау үдерістерімен ықпалдастырып қана қоймай, олардың көмегімен мемлекеттік қызметтер көрсетудің толыққанды цифрлық экожүйесі қалыптасуға тиіс. Бұл ретте мемлекет пен азаматтың өзара іс-қимыл моделі одан әрі де шешімдерді проактивті түрде қабылдау қағидатына негізделуі қажет», — деп атап өтті Премьер-министр Үкімет отырысында.
Жаңа модельдің мақсаты — азаматтың мемлекеттік қызмет алу үшін әр сервисті жеке іздеп, бірнеше қадамнан өту қажеттігін азайту. eGov GPT пайдаланушының сұранысын түсініп, қажетті қызметке қатысты өтінімді өзі рәсімдеп, дайын нәтижесін ұсына алады.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың келесі кезеңі eGov 3.0 платформасымен байланысты. «Электрондық үкімет» порталы толық жаңартылып, жаңа платформаға көшірілді.
Енді мемлекеттік органдар өз қызметтеріндегі артық қадамдар мен қажетсіз құжаттарды қысқартып, сервистерді eGov 3.0 арқылы ұсынуға тиіс.
Премьер-министрдің айтуынша, жасанды интеллект мемлекеттік қызметтерді жай ғана автоматтандыру құралы емес, азамат пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды өзгерту тетігіне айналуы керек.
Бұл ретте негізгі бағыт — проактивті қызмет көрсету. Яғни азамат қажетті қызметті өзі іздеп, өтініш берудің орнына, жүйе оның жағдайын ескеріп, тиісті қызметті алдын ала ұсынуы тиіс.
Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін eGov GPT арқылы көрсетілетін қызметтер санын 150-ге жеткізу тапсырылды.
Осылайша цифрлық ассистент арқылы қолжетімді мемлекеттік қызметтер саны қазіргі 50 қызметпен салыстырғанда үш есе өседі.










