Қазақстанда медициналық ақпараттық жүйелерді біріктіру және денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект енгізу жұмыстары жеделдетіліп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов жүйелерді интеграциялау барысын тексеріп, ЖИ арқылы медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін бақылауға арналған шешімдермен танысты, деп хабарлайды Tech-news.
Премьер-министрдің қатысуымен өткен кеңесте Президенттің денсаулық сақтау саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуы қаралды. Жиынға Денсаулық сақтау, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің басшылары мен отандық IT-компаниялардың өкілдері қатысты.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазіргі уақытта 23 бөлек жүйені бірыңғай e-Densaulyq экожүйесіне көшіру жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Бүгінде 21 мыңнан астам медициналық ұйым, 221 мың медициналық техника және 257 мың медицина қызметкері туралы дерек цифрландырылған.
Деректерді бір жерге жинау медициналық қызметтерді бақылауды да күшейткен. Мәселен, 1,4 млн рецепт бойынша пациенттердің 400 мың ескірген картасы жүйеден алынып тасталды. Бұл шамамен 31 млрд теңге шығыстың алдын алуға мүмкіндік берген.
Медициналық қызметтерді негізсіз тұтыну 7,1%-ға, яғни шамамен 7 млрд теңгеге азайған. Ал заң бұзушылықтар мен сәйкессіздіктерді анықтау тиімділігі 3,5 есеге артқан.
Президент тапсырмасымен барлық медициналық ақпараттық жүйені біріктіретін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құрылып жатыр. Оның мақсаты – әртүрлі платформалардағы деректерді бір ортаға жинап, дәрігерге қажетті ақпаратпен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық құрал қалыптастыру.
Қазір Денсаулық сақтау министрлігінің 12 ақпараттық жүйесінің жетеуі біріктірілген. Соның нәтижесінде деректерді бір рет енгізу жеткілікті болады: қажетті құжаттар жүйе арқылы автоматты түрде қалыптастырылады. Бұл дәрігерлердің ақпарат енгізуге кететін уақытын 40%-ға қысқартқан.
Бірыңғай медициналық деректер қоймасына 12 жеке медициналық ақпараттық жүйеден, сондай-ақ түрлі реестрлер мен анықтамалықтардан ақпарат жиналған. Қойма мемлекеттік органдардың 50-ден астам ақпараттық жүйесімен интеграцияланған.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап 2012 жылдан бері жиналған медициналық деректер автоматты форматты-логикалық тексеру арқылы медициналық қызметтерге ақы төлеу кезінде қолданыла бастады. Бұл жүйе деректердегі сәйкессіздіктерді автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.
Цифрлық бақылау нәтижесінде 38 медициналық ұйымның тиісті лицензиясы болмағаны анықталды. Оның 27-сінің жұмысы тоқтатылды. Бұған қоса, сертификатының мерзімі аяқталған 2 188 медицина қызметкері уақытша жұмыстан шеттетілді.
Ақпараттық жүйелердің интеграциясы жалған медициналық қызметтерді анықтауға да көмектеседі. Мысалы, қайтыс болған азаматқа қызмет көрсетілгені туралы жазбалар, бір дәрігердің бір уақытта бірнеше өңірдегі медициналық мекемеде жұмыс істеуі немесе іс жүзінде көрсетілмеген қызметтің жүйеге енгізілуі сияқты жағдайларды анықтауға мүмкіндік бар.
Қазақстанда азаматтың бірыңғай цифрлық медициналық профилі де қалыптастырылған. Онда адамның медициналық деректері оның тұрғылықты немесе тіркелген жеріне қарамастан сақталады.
Цифрлық сервистерді қолдану да артып келеді. Дәрігерге онлайн жазылу қызметін 5,6 млн адам пайдаланған. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтарға скринингтен өту қажеттігі туралы автоматты хабарламалар жіберу жоспарланған.
Медициналық және басқа мемлекеттік деректерді біріктіру көлік жүргізу қауіпсіздігіне де әсер етуде. Денсаулық сақтау мен ішкі істер органдарының ақпараттық жүйелерін байланыстыру арқылы көлік басқаруға медициналық қарсы көрсетілімі бар азаматтар анықталды. Нәтижесінде шамамен 10 мың жүргізуші куәлігінің қолданылуы тоқтатылды.










