Без категории

Threads-тағы дау: Желі қолданушылары Қаржылық мониторинг агенттігінен Фариза Төреәліні тексеруді талап етті

Әлеуметтік желілерде белгілі блогер Фариза Төреәлінің айналасында үлкен дау өршіп тұр. Платформа қолданушылары блогердің «білім беру курстары» мен ұтыс ойындарының заңдылығына күмән келтіріп, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінен тексеріс жүргізуді сұрап жатыр, деп хабарлайды Tech-news.

Танымал әнші Төреғали Төрәлінің қарындасы Фаризаның «Фәләһ кілті» атты жобасы соңғы күндері Threads желісінде ең көп талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Наразылықтың басты себебі – блогердің уәде етілген қымбат сыйлықтарды (пәтер, автокөлік) бермеуі және курстарының мазмұнының түсініксіздігі.

Орындалмаған уәделер мен жабық комьюнити

Желі қолданушыларының айтуынша, Фариза Төреәлі өзінің кітабын немесе курсын сатып алғандар арасында пәтер және Mercedes маркалы автокөлік ойнатылатынын хабарлаған. Алайда, талқылауға қатысушылар бұл ұтыстардың әлі күнге дейін өткізілмегенін немесе нәтижесінің белгісіз екенін алға тартады.

rabota_ravota_taraz атты қолданушы былай деп жазады: «Ойнатылмаған Mercedes көлігіне кітап алып қатысқандар назарына! Е-өтінішке мониторингке жазуға болады екен».

Тағы бір қолданушы (maks_zhuldyz) пәтер ұтысы туралы сұраған комментарийлердің өшірілетінін хабарлады.

Біліктілік пен мазмұнға қатысты сұрақтар

Курстың атауы («Фәләһ кілті») және оның «рухани комьюнити» ретінде позициялануы да көптеген сұрақ туғызды. Желі қолданушылары Фариза Төреәлінің бұл салада тиісті білімі мен біліктілігі бар екеніне күмәнданады.

Редакция шолып шыққан ақпаратқа сәйкес, қолданушылар төмендегідей фактілерді келтіреді:

Психологиялық білім: қолданушылар блогердің психолог емес екенін, тек психологтардың кітабын оқып, оны қазақшаға аударып, өзгертіп салатынын айтады.

Діни білім: Сол қолданушы Фаризаның діни маман да емес екенін алға тартып, хадисті кез келген адам айта беруге болмайтынын, оның өз ережелері бар екенін ескертеді.

Кәсіби тәжірибе: Қолданушылар «Автордың біліктілігі қандай? Қандай ЖОО бітірген? Қандай нақты квалификациясы бар? Қай салада кәсіби тәжірибесі дәлелденген?» деген сұрақтарға жауап жоқ екенін айтады.

armannzhan00 есімді қолданушы тіпті блогердің жеке қасиеттеріне тоқталып, оның «әйелдік құпиялар» туралы курс сата тұра, шын мәнінде күйеуімен дөрекі сөйлесетінін және манипуляция жасайтынын маркетолог құрбысынан естігенін жазған.

kemelova_.bota есімді қолданушы да блогердің әрекетін шариғатқа қайшы деп санайды: «Анасы қызына: аңқау елге арамза молда болма, хиджап киіп лоторея ойнатпа, бет әлпетіңді өзгертпе шариғатқа қайшы деп айтпайды ма екен».

Психология мен діни ұғымдардың қоспасы

Блогердің даулы курстарының мазмұнына үңілсек, бағдарламаның психологиялық терминдер мен діни жоралардың синтезінен тұратынын көруге болады. «Фәләһ кілті» жобасында «нейрондарды жаңарту», «сананы қайта бағдарламалау» секілді ғылыми астары күмәнді ұғымдар «Алланың есімдерін қолдану» және «дұғаның күші» сияқты діни тақырыптармен қатар берілген. Автор бұл бағдарламаны «жүрек тәрбиесі мен өмірге дұрыс көзқарас қалыптастыратын жүйелі ілім» деп таныстырады.

Курс модульдерінде материалдық байлық пен руханиятты байланыстыруға ерекше екпін қойылған. Мәселен, қатысушыларға «Ақша энергиясын ашу», «Табыстың берекесін арттыру» және «Қаржылық мүмкіндіктерді тартудың жұмыс істейтін жүйесі» үйретіледі.

Сонымен қатар бағдарламада жеке қарым-қатынас пен отбасылық мәселелер де қамтылған. «Ер адамның сіз білмейтін құпиялары», «Дұрыс адамды қалай жолықтырамыз?» және «Декретте өзіңді жоғалтып алдың ба?» деген тақырыптар әйелдер аудиториясының назік тұстарын нысанаға алған. Алайда, желі қолданушылары мұндай күрделі психологиялық және діни тақырыптарды арнайы білімі жоқ адамның ақылы курс ретінде сатуы – әлеуметтік жауапсыздық пен қарапайым маркетингтік айла екенін айтып, дабыл қағып жатыр.

Жүйелі мәселелер

Threads қолданушылары Фариза Төреәлінің бұл әрекеттерін жүйелі сипатта екенін алға тартып жатыр. Олар блогердің істі соңына дейін жеткізбейтінін айтады.

maratt1qyzy болса, блогердің бұған дейін де «Ауа» (мүмкін, су немесе басқа өнім) сата бастағанын, кейін «Гүл алу, Хотелкаларды сұрауды» курс қылып сатып, оның бағасын 999 теңгеден 15 000 теңгеге дейін өсіргенін еске салады. Оның айтуынша, бұл курстардың да, кейін сатылған блокноттардың да сапасы нашар болған.

Қаржылық мониторинг агенттігіне үндеу және жауапсыздық

Бұл жағдайға байланысты көптеген қолданушы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіне үндеу тастап, блогердің қызметіне заң тұрғысынан тексеріс жүргізуді талап етіп жатыр. Олар ұтыс ойындарын өткізуге лицензияның бар-жоғын және ақшалай қаражаттың қозғалысын тексеру қажет деп санайды.

Threads-тағы қолданушылардың наразылығына қарамастан, осы уақытқа дейін Фариза Төреәлінің өзінен ешқандай ресми түсініктеме немесе жауап келген жоқ. Керісінше, қолданушылардың айтуынша, ыңғайсыз сұрақтар қойған комментаторлар бұғатталып, тек жақсы пікірлер ғана қалдырылып жатыр.

Бұл жағдай Қазақстандағы блогерлердің онлайн-курстар мен ұтыс ойындарын өткізуін заңдық реттеу мәселесін тағы да күн тәртібіне қойып отыр.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *