TechЭкономика

Токенизация дәстүрлі қаржы мен криптонарықты байланыстыратын көпірге айналуы мүмкін

Дәстүрлі қаржы институттары цифрлық активтерге қызығушылығын арттырып жатыр. BitONE Eurasia вице-президенті Афина Мяоның айтуынша, токенизация инвестициялық қорлар мен криптонарық арасындағы байланысты күшейтудің негізгі құралдарының біріне айналуы мүмкін, деп хабарлайды Tech-news. 

Бұл туралы ол Astana Finance Days 2026 аясында айтты.

Мяоның сөзінше, соңғы уақытта инвестициялық қорлар мен дәстүрлі қаржы нарығының басқа да қатысушылары токенизацияға көбірек назар аудара бастаған.

«Барлығы токенизацияны дәстүрлі және дәстүрлі емес қаржыны байланыстыратын көпір ретінде пайдаланғысы келетінін анық көріп отырмын», — деді ол.

Компания өкілі көптеген инвестициялық серіктестер мен қорлар цифрлық активтермен жұмыс істеудің келесі кезеңіне дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, токенизация арқылы капитал тартуға қызығушылық танытып отырған клиенттер де бар.

Алайда Мяо мұндай жобаларды іске қосуда технологияның өзі жеткіліксіз екенін ескертті. Ең алдымен, активтің құқықтық мәртебесі, инвестордың құқықтары және нарыққа қатысушылардың міндеттері нақты белгіленуі керек.

Мысалы, дәстүрлі инвестициялық қорда инвестор мен қор арасындағы құқықтық қатынастар келісім арқылы реттеледі. Ал токенизация кезінде осы модельге токен эмитенті де қосылады. Сондықтан қор, эмитент және инвестор арасындағы жауапкершілік пен құқықтардың шекарасы алдын ала анықталуы қажет.

«Инновациялық әрі үлкен әлеуеті бар көптеген идеяларды көріп жүрмін. Бірақ дәстүрлі қаржы қауымдастығының бір бөлігі әлі дайын емес. Себебі мұндай өнімдерді құқықтық тұрғыдан қалай дұрыс құрылымдау керегін бәрі бірдей түсінбейді», — деді Мяо.

Оның пікірінше, цифрлық қаржы өнімдерін әзірлеу кезінде тек табыстылыққа емес, ықтимал тәуекелдерге де назар аудару қажет. Бұл әсіресе институционалдық инвесторлармен жұмыс істегенде маңызды.

Мяоның айтуынша, инвесторларды қорғау тетіктері қарастырылмаса, жоғары ықтимал кірістілік токеннің негізгі артықшылығы ретінде ұсынылмауы керек. Мысалы, өнім 25 пайыз табыс әкелуі мүмкін деген уәде оның қауіпсіздігін автоматты түрде білдірмейді.

Ол биржалар нарық қатысушылары үшін қосымша қорғаныс қабатын қалыптастыруы керек деп санайды. Бұл инвесторлар мен бизнеске цифрлық активтерге деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.

Мяо токенизацияға қатысты жобалар санының өсуін оң бағалайтынын айтты. Бірақ нарықтағы жаңа өнімнің негізінде қандай актив тұрғаны, инвестордың қандай заңды құқықтары бар екені және өнімнің құқықтық тұрғыдан қалай құрылғаны анық болуы қажет.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *