Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының (WAIC) ашылуында сөз сөйлеп, AI саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге шақырды. Ол технологиялық прогрестің барша адамзатқа пайда әкелуі үшін мемлекеттердің өзара сенімі мен бірлескен жұмысы шешуші рөл атқаратынын айтты, деп хабарлайды Tech-news.
Биылғы конференция «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбымен өтіп жатыр. Президент өз сөзінде Қытайдың AI индустриясындағы жетістіктеріне ерекше тоқталды.
– Бүгінде дүние жүзіндегі жасанды интеллектіні зерттеушілердің жартысынан астамы – Қытай елінің өкілдері. ЖИ саласындағы патенттердің басым бөлігі қытайлық жаңашыл мамандарға тиесілі. Ал елдің қарқынды инновациялық экожүйесі озық технологиялардың көптеген бағытында соны серпіліс жасауда, – деді Президент.
Мемлекет басшысы конференция аясында ұсынылған «Барша адамзат игілігіне қызмет ететін ЖИ» тұжырымдамасын қолдайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, жасанды интеллектіні дамытуда басты мақсат – технологиялық жетістіктерді мүмкіндігінше көп ел мен қоғам игілігіне бағыттау.
– Технологиялық прогресті баршаның игілігіне айналдыруға күш-жігер жұмылдырғанда осы ұсынылған қағидаттарды басшылыққа алған жөн деп санаймын. Келешектің келбетін өзара сенім мен ортақ мүддеге сай тығыз ынтымақтастық орнатып, серіктесе әрекет ететіндер айқындайды. Мен бұған кәміл сенемін. Осы орайда Төраға Си Цзиньпин ұсынған «Адамзаттың ортақ тағдыры қоғамдастығын» құру туралы тұжырымдаманың маңызы зор. Қазақстан алысты болжаған бұл бастаманы жоғары бағалайды әрі жасанды интеллект дәуірінде оның өзектілігі артып келеді деп санайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент AI дәуірінде халықаралық серіктестіктің маңызы арта түсетінін атап өтті. Ол Қытай Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Адамзаттың ортақ тағдыры қоғамдастығы» тұжырымдамасы қазіргі технологиялық өзгерістер жағдайында өзектілігін күшейтіп отырғанын айтты.










