Қазақстан энергетика, көлік, су шаруашылығы және цифрлық инфрақұрылымды жаңғырту үшін жаңа буын инженерлері мен техникалық мамандарын даярламақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл міндетті елдің технологиялық дамуы мен жасанды интеллект дәуіріндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды шарты ретінде атады, деп хабарлайды Tech-news.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан «Халықтық құрылыс» бастамасын жүзеге асыруға кірісті. Жоба аясында атом энергетикасынан бастап көлік жүйесі, су шаруашылығы және цифрлық нысандарға дейінгі ұлттық инфрақұрылымды жаңғырту көзделген.
Бұл ауқымды жұмысты жүзеге асыру үшін инженерлердің, техникалық мамандар мен зерттеушілердің жаңа буыны қажет. Осыған байланысты Президент халықаралық серіктестерді басым бағыттар бойынша маман даярлауға және қолданбалы зерттеулер жүргізуге атсалысуға шақырды.
Тоқаев білім мен ғылым саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, ЖИ-ді білім беру жүйесінде қолдану тек дайын бағдарламаларды сатып алумен шектелмеуі керек.
Ол үшін оқу бағдарламаларын жаңарту, оқытушыларды жаңа технологиялармен жұмыс істеуге үйрету және сенімді цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Сонымен қатар жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдаланудың нақты қағидаларын әзірлеу маңызды.
Президент халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді де ашық талқылауды ұсынды. Атап айтқанда, қаржыландыру шектеулері, әкімшілік рәсімдер және академиялық ұтқырлыққа қатысты қиындықтарды анықтап, шешу қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы серіктестерді алдағы уақытта іске қосуға болатын нақты жобаларды ұсынып, ортақ міндеттемелерді айқындауға шақырды.









