TechПолитика

Nvidia Қытайға H200 чиптерін жеткізуді тоқтатты

Nvidia АҚШ-тың экспорттық шектеулерін күшейтуіне байланысты Қытайға арналған H200 жасанды интеллект чиптерінің жеткізілімін тоқтатты. Бұл шешім компанияның Қытай нарығындағы бизнесіне әсер етіп, келесі жылы дата-орталықтар сегментіндегі кірісті $62 млрд-қа дейін қысқартуы мүмкін, деп хабарлайды Tech-news. 

Компанияның уақытша бас директоры Колетт Кресс жеткізілімдердің тоқтағанын мәлімдеді. Бұған дейін Nvidia негізін қалаушы Дженсен Хуанг Дональд Трамп әкімшілігімен H200 чиптерін Қытайға жеткізудің арнайы тетігі бойынша келісімге келген еді.

Чиптер АҚШ аумағы арқылы өткізіліп, жеткізілім кезінде 25% баж салығы төленуі керек болатын. Енді Nvidia бұл тәртіппен де өнім сатпайды.

Вашингтон жаңа шектеулер енгізіп, Қытай компанияларына шетелдегі дата-орталықтар арқылы АҚШ-та жасалған озық AI чиптерін қашықтан пайдалануға да тыйым салды. Демек, шектеулер тек Қытайға тікелей жабдық жеткізуге емес, елден тыс орналасқан серверлердің есептеу қуатын пайдалануға да қатысты.

Бұл шешім Nvidia бизнесіне Сингапур, Малайзия, Таиланд және Индонезияда да әсер етуі мүмкін. Аталған елдерде қытайлық тапсырыс берушілерге қызмет көрсететін дата-орталықтар орналасқан.

Jefferies инвестициялық банкінің бағалауынша, жаңа ережелер келесі жылы Nvidia компаниясының дата-орталықтар сегментіндегі кірісін $44–62 млрд-қа азайтуы ықтимал. Алайда Колетт Кресс жаңа буындағы Vera Rubin сияқты AI үдеткіштеріне сұраныс жоғары болғандықтан, ықтимал шығынның орнын толтыруға болады деп есептейді.

Ал Қытай америкалық технологияларға тәуелділікті азайту үшін өз чип өндірушілерін қолдауды жалғастырып жатыр. TechCrunch мәліметінше, Nvidia жеткізілімдерді тоқтатқанға дейін-ақ Қытай билігі жергілікті AI әзірлеушілерінің қызығушылығына қарамастан, H200 чиптерінің импортына шектеу қойған.

Осы өзгерістер аясында Nvidia директорлар кеңесі жанынан арнайы комитет құрылғанын да хабарлады. Ол ұлттық қауіпсіздік, экспорттық бақылау және халықаралық сауда тәуекелдері мәселелерімен айналысады.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *