TechПолитика

Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қолдануға шектеу қойылуы мүмкін

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне қатысты ұсынылып отырған шектеулер электронды күнделік пен білім беру платформаларына әсер етпейді. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев заң жобасында eGov.kz пен Kundelik.kz сияқты сервистерге ешқандай тыйым қарастырылмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tech-news. 

Онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнаманы жетілдіруге арналған заң жобасын талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Дәулет Кәрібек ұсынылып отырған шектеулердің ауқымына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, жаңа талаптар әлеуметтік желілермен қатар электронды күнделіктер мен білім беру ресурстарына да қатысты болуы мүмкін.

Депутат тыйым салынатын платформалардың нақты тізімін бекітуді, білім беру сервистерін бұл шектеуден алып тастауды және бұрыннан ашылған балалар аккаунттарының мәртебесін де қарастыруды ұсынды.

Арман Қырықбаев заң жобасы әзірге бірінші оқылымда қаралып жатқанын және депутаттың ұсыныстары алдағы талқылауларда ескерілетінін айтты.

Министрдің түсіндіруінше, шектеулер тек әлеуметтік желілерге қатысты болады. Ал мессенджерлер, eGov.kz және Kundelik.kz платформалары заң жобасындағы шектеулер аясына кірмейді.

Сондай-ақ министр мұндай реттеу шаралары әлемнің бірқатар елінде енгізіліп жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, әр мемлекет әлеуметтік желілерді реттеу мәселесінде өзінің саясаты мен ұстанымына сүйеніп шешім қабылдауы керек.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *