Қазақстанда азаматтардың дербес деректері даркнетте жарияланғаны туралы ақпарат тексеріліп жатыр. Министрлік әзірге бұл мәліметтердің eGov жүйесінен алынғанын немесе электрондық үкімет инфрақұрылымының бұзылғанын растамайды, деп хабарлайды Tech-news.
Қазір мамандар жарияланған деректердің үлгілерін зерттеп, олардың қайдан тарағанын анықтауға тырысып жатыр. Техникалық тексеру профильді қызметтермен бірлесіп жүргізілуде.
Министрлік жарияланымдардағы кейбір мәліметтердің eGov жүйесінде қолданылатын деректер құрылымына сәйкес келмейтінін атап өтті. Мысалы, электрондық үкімет жүйесінде жарияланған материалдарда көрсетілген форматтағы паспорт скан-көшірмелері сақталмайды. Цифрлық құжаттардың да форматы өзгеше.
Сондықтан даркнеттегі деректер базасын таратқан адамның оның eGov жүйесінен алынғаны туралы мәлімдемесі жүйенің бұзылғанын дәлелдемейді.
Тексеру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Оның нәтижесі бойынша министрлік қосымша ақпарат бермек.
Министрлік азаматтарға да цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертті. Атап айтқанда, SMS арқылы келетін кодтарды, парольдер мен ЭЦҚ деректерін басқа адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерді ашпау және әр сервиске жеке пароль қолдану ұсынылады.










