Астанада Space Days Kazakhstan 2026 халықаралық ғарыш форумы басталды. Іс-шара мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, ғарыш агенттіктері, ғалымдар, технологиялық компаниялар мен инвесторларды бір алаңға жинады, деп хабарлайды Tech-news.
Форумның басты тақырыптарының бірі — Қазақстанның ғарыш инфрақұрылымын дамыту және халықаралық серіктестікті күшейту.
Пленарлық сессияда Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан ғарыш саласында үш негізгі бағытқа басымдық беретінін айтты. Олар — деректер, технологиялар және адам капиталы.
Министрдің айтуынша, осы бағыттар Қазақстанға бәсекеге қабілетті ғарыш өнімдері мен қызметтерін дамытуға мүмкіндік береді.
Қазақстан 2030 жылға қарай тоғыз спутниктен тұратын халықаралық Жерді қашықтан зондтау спутниктік тобын құруды жоспарлап отыр. Оның құрамына Қазақстанның алты спутнигі, сондай-ақ Моңғолия, Конго Республикасы және Нигерияның ғарыш аппараттары кіреді.
Алдағы уақытта бұл топтаманы 14 спутникке дейін кеңейту мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Сонымен бірге Қазақстан KazSat-3 байланыс спутнигін жаңа KazSat-3R аппаратына ауыстыру жұмыстарын жүргізуде. Жаңа спутник ұлттық байланыс жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, инфрақұрылымды қазіргі технологиялық талаптарға бейімдеуге бағытталған.
Space Days Kazakhstan 2026 аясында спутниктік байланыстың цифрлық тәуелсіздікке әсері, спутниктік қызметтер нарығы және ғарыштан алынған деректерді су ресурстарын басқаруда пайдалану мәселелері талқыланады.
Бағдарламада жасанды интеллектіні тікелей ғарыш аппараттарының бортында қолдану да бар. Яғни спутниктер деректердің бір бөлігін Жерге жібермей тұрып, орбитада өңдей алатын технологиялардың мүмкіндігі қарастырылады.
Форумда өңірлік ғарыш агенттіктерінің ынтымақтастығы, халықаралық серіктестіктің жаңа форматтары және ғарыш туризмінің болашағы да күн тәртібіне шықты.
Қазақстан ұйымдастырушылардың жоспары бойынша Space Days Kazakhstan форумын жыл сайын өтетін және әлемдік ғарыш индустриясының маңызды диалог алаңдарының біріне айналдыруды көздейді.










