TechЭкономика

Қазақстан Үкіметі шетелдік инвесторлармен AI және цифрландыру мәселелерін талқылады

Қазақстан Үкіметі шетелдік инвесторлармен цифрландыру, жасанды интеллект, энергетика және фармацевтика салаларындағы бірлескен жобаларды талқылады. Кездесуде компаниялар өндіріс орындарына ЖИ енгізу, есептеу инфрақұрылымын дамыту және инвестициялық келісімдерді кеңейту жөнінде ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды Tech-news. 

Талқылау шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысының қорытындысы бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысына арналды. Жиында инвестициялық саясат, мұнай-газ, энергетика, еңбек заңнамасы, цифрландыру және денсаулық сақтау бағыттарындағы жұмыс топтарының есептері тыңдалды.

Цифрландыру мәселесі бойынша KPMG компаниясының Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашев атқарылған жұмыстарды таныстырды. Оның айтуынша, кеңеске мүше компаниялар көлік, өнеркәсіп, энергетика және телекоммуникация салаларында, сондай-ақ корпоративтік үдерістерді басқаруда жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесімен бөліскен.

Ендігі басымдық — мұндай жобаларды ауқымды деңгейде енгізу және оларды іске асыруға қажетті есептеу инфрақұрылымына инвестиция тарту.

Мұнай-газ саласында да бірқатар ұсыныс айтылды. Eni Kazakhstan басшысы Сегер Хойтинк құбыр желілерін тексеру кезінде тәуекел деңгейін ескеретін тәсілдерді қолдануды ұсынды. Сонымен қатар парниктік газдар шығарындыларына арналған қосымша квоталарды бөлу жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Кадр саясатына қатысты Air Liquide Munay Tech Gases компаниясының бас директоры Габриэль Константин шетелдік мамандарды тарту және жоғары білікті қызметкерлердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау мәселесін көтерді. Ұсыныстар қатарында халықаралық кәсіби сертификаттарды тану және шетелдік мамандардың компания ішіндегі қызметтік ауысуын жеңілдету бар.

Фармацевтика саласында «Химфарм» АҚ (Santo, Polpharma Group) бас директоры Адам Алексеюк дәрілік препараттарды жергілікті жерде өндіруді қолдауды ұсынды. Атап айтқанда, инвестициялық келісімдер аясында өндірісі Қазақстанда жолға қойылатын дәрілерге арналған «жасыл дәліз» тетігін енгізу мәселесі көтерілді. Бұл механизм сапа, қауіпсіздік және тиімділік талаптарын сақтай отырып, препараттарды тіркеу мен нарыққа шығару үдерісін жеңілдетуге бағытталған.

Бұдан бөлек, Polpharma компаниясы экспортқа шығаруға болатын жаңа дәрілер өндірісін жергіліктендіру үшін инвестициялық келісімдерді кеңейтуді ұсынды.

Кездесуде салық және кедендік әкімшілендіру мәселелері де қаралды. EY компаниясының Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі басқарушы серіктесі Ерлан Досымбеков экспорттаушыларға ҚҚС қайтарудың жаңа тәртібін енгізу, реэкспортқа салық салу және кедендік транзит бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырды.

Ал Anadolu Group (Coca-Cola) қант қосылған сусындар нарығын реттеу мәселесін көтерсе, Beeline Kazakhstan (VEON) әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салуға жеке инвестицияларды тарту мүмкіндіктерін кеңейтуді ұсынды.

Отырыс соңында Премьер-министр Үкіметтің шетелдік инвесторлармен өзара тиімді әріптестікті дамытуға дайын екенін мәлімдеді. Жауапты министрліктер мен мемлекеттік органдарға инвесторлар тарапынан айтылған ұсыныстарды «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығымен бірлесіп қарастыру тапсырылды.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *