Қазақстан Германияның Бавария өңіріндегі жетекші технологиялық компаниялармен өндірістік серіктестікті кеңейтуді көздеп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ынтымақтастықтың келесі кезеңі озық технологияларды енгізу, жоғары технологиялық өндіріс құру және жаңа нарықтарды бірлесіп игеруге бағытталуы керек, деп хабарлайды Tech-news.
Бүгінде Қазақстанда Siemens, Siemens Energy, Knauf, Horsch және Баварияның басқа да ірі компаниялары жұмыс істейді. Президент бұл тәжірибені жаңа технологиялар мен өндірістік жобалар арқылы одан әрі дамытуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Негізгі бағыттардың бірі — өндірісті автоматтандыру. Қазақстан машина жасау, металлургия, электр техникасы және қосалқы бөлшектер өндірісін дамытып жатыр. Еңбек өнімділігін арттыру үшін кәсіпорындарға роботтандырылған жүйелер мен заманауи технологияларды кеңінен енгізу қажет.
Бұл бағытта Siemens және KUKA сияқты компаниялардың тәжірибесі пайдаланылуы мүмкін. Президенттің сөзінше, Qarmet секілді ірі қазақстандық кәсіпорындар өнеркәсіптік технологияларға тұрақты сұраныс қалыптастырып, жаңа серіктестік жобаларға негіз бола алады.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Бавария арасындағы болашақ өндірістік кооперацияны «Қазақстанда Бавария технологиясы арқылы неміс сапасына сай жасалған» қағидатымен сипаттады.
Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты — стратегиялық маңызды шикізат. Қазақстан мыс, титан, алюминий, бериллий, тантал және ниобий сияқты материалдарды ұзақ мерзімді жеткізу мүмкіндігін ұсына алады.
Сонымен қатар Тоқаев Бавария компанияларына Қазақстандағы инвесторларға арналған қолдау тетіктері туралы, соның ішінде Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб пен Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берді.









