Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін ауылдық елді мекендердің 90%-дан астамына жоғары жылдамдықты сымды интернет жеткізуді жоспарлап отыр. Дохада өткен MWC26 цифрлық көшбасшылық форумында Жаслан Мәдиев елдің байланыс инфрақұрылымын дамыту стратегиясын таныстырып, талшықты-оптикалық желілер, мобильді байланыс және спутниктік интернетті қатар дамыту жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Tech-news.
Қазақстанның байланыс саясаты ел аумағының ерекшеліктеріне және тұрғындардың күнделікті қажеттіліктеріне негізделген. Үй мен кеңседе тұрақты интернетке басымдық берілсе, жол үстінде мобильді желі, ал шалғай аймақтарда спутниктік технологиялар қолданылады. Бұл шешімдер бір-бірін толықтырып, интернетті барынша көп адамға қолжетімді етуге бағытталған.
«Біздің міндетіміз – адамдарды тұратын, жұмыс істейтін және жүріп-тұратын жерлерінде сенімді байланыспен қамтамасыз ету. Сондықтан аумақтың ерекшеліктері мен халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, талшықты-оптикалық, мобильді және спутниктік желілерді қатар дамытып келеміз», – деді Жаслан Мәдиев.
Ауылдарға интернет жеткізудің келесі кезеңі
Қазақстанда 6 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар. Олардың интернетке қолжетімділігін арттыру үшін негізгі инфрақұрылым ретінде талшықты-оптикалық желілер таңдалған.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында мұндай желілерді 3 мыңнан астам ауылға жеткізу көзделген. Нәтижесінде 2027 жылдың соңына дейін ауылдардың 90%-дан астамы жоғары жылдамдықты сымды интернетке қосылуы тиіс.
Желіні ауылға дейін жеткізу жеткіліксіз. Ендігі міндет – интернетті тұрғын үйлер мен мекемелерге тікелей қосу. Осы мақсатта Дүниежүзілік банктің қатысуымен «Соңғы миля» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Жоба аясында жергілікті байланыс операторлары 1 123 ауылда желі тартуға грант ала алады. Бұл 445 мыңнан астам үй шаруашылығын немесе шамамен 2,3 млн адамды интернетке қосуды көздейді. Жоспарланған қосылым жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с болады.
«Соңғы миля» моделі мемлекеттік қолдауды жеке операторлардың мүмкіндіктерімен ұштастырады. Яғни интернет магистральдық желіден тікелей пайдаланушының үйіне дейін жеткізіледі. Мұндай тәсіл шалғай елді мекендерді желіге қосуда басқа мемлекеттерге де үлгі бола алады.
Спутниктік интернет пен мобильді байланыс қатар дамиды
Кейбір аймақтарда талшықты-оптикалық желі тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда спутниктік арнаны пайдаланып, жергілікті мобильді базалық станцияны интернетке қосуға болады. Тұрғындар бұл ретте әдеттегі мобильді байланыс желісін пайдалана береді.
Қазақстан шалғай аумақтардағы байланысты жақсарту үшін халықаралық спутниктік операторлармен де жұмыс істеп жатыр.
Қыркүйекте Beeline Kazakhstan мен Starlink Mobile Direct to Cell сервисін іске қосты. Технология жерүсті мобильді желісі жоқ аумақтарда үйлесімді смартфондарға спутник арқылы қосылуға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар хабарлама алмасып, кейбір онлайн қызметтерді қолдана алады.
Спутниктік байланыс көлік саласында да енгізіліп жатыр. Мобильді желі нашар ұстайтын бағыттарда жолаушыларға интернет ұсыну үшін спутниктік Wi-Fi пойыздар мен ұшақтарға орнатылуда.
2026 жылы қабылданған заңнамалық өзгерістер геостационарлық емес спутниктік жүйелерді пайдалануды, сондай-ақ әуе және теңіз көлігіндегі спутниктік байланысты енгізуді жеңілдетті.
Қазақстандағы интернет тарифтері әлемдік көрсеткіштен төмен
Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) 2025 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстанда тіркелген кең жолақты интернеттің базалық тарифі жан басына шаққандағы айлық жалпы ұлттық табыстың 0,79%-ына тең. Әлемдік медианалық көрсеткіш – 2,5%.
Дегенмен интернеттің қолжетімділігі тек тариф бағасымен өлшенбейді. Әсіресе шалғай ауылдарда жабдық сатып алу, оны орнату, қосылым жылдамдығы мен желінің тұрақтылығы маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы деректер арнасын кеңейтуде
Елдің цифрлық инфрақұрылымды дамыту жоспары ауылдарға интернет жеткізумен шектелмейді. Қазақстан халықаралық деректер алмасу мүмкіндіктерін де кеңейтіп жатыр.
Қазан айында Қазақстан мен Әзербайжан Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты. Ұзындығы 380 шақырым болатын магистральдық желінің жобалық өткізу қабілеті 400 Тбит/с-тан асады.
Жаңа бағыт Азия мен Еуропа арасындағы деректер тасымалын жеделдетіп, бұлтты сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.
Телекоммуникация саласына 2,2 млрд доллардан астам инвестиция тартылды
Дохадағы министрлік дөңгелек үстелде Жаслан Мәдиев цифрлық трансформацияны дамыту үшін үш негізгі шартты атады: сенімді әрі қолжетімді интернет, жеке инвестицияларды тарту және халықтың цифрлық дағдыларын арттыру.
Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстанның телекоммуникация саласына салынған инвестиция көлемі 2,2 млрд АҚШ долларынан асты.
Кездесу қорытындысында қатысушылар Доха министрлік декларациясын қабылдады. Құжатта интернетке қолжетімділікті кеңейту, цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз ету, жасанды интеллектіні жауапты дамыту, киберқауіпсіздікті нығайту және цифрлық сауаттылықты арттыру бағыттары белгіленген.
Қазақстан өз тәжірибесін ХЭО аясында халықаралық серіктестермен бөлісуге дайын. Сонымен қатар ел 2027–2030 жылдарға арналған ХЭО Кеңесінің мүшелігіне кандидатурасын ұсынды.










