ҚР Президентінің Архиві мен Корея Республикасының Ұлттық архиві ынтымақтастық туралы жаңа меморандумға қол қойды. Құжат архив ісін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын қолдану және мамандардың тәжірибе алмасуын қамтиды, деп хабарлайды Tech-news.
Меморандумға ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен Корея Республикасы Ұлттық архивінің президенті Ли Ён Чхуль қол қойды. Құжат Мемлекет басшысының Корея Республикасына ресми сапары аясында қабылданды.
Архивтер AI технологияларын талқылады
Кездесу барысында тараптар архив ісін цифрлық форматқа көшіру және жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.
Корея электрондық мемлекеттік басқару мен цифрлық технологиялар саласындағы тәжірибесімен бөліспек. Бұл қазақстандық архившілерге жаңа технологиялық шешімдерді меңгеріп, оларды құжаттарды сақтау және өңдеу жұмыстарына енгізуге мүмкіндік береді.
Меморандум аясында мынадай бағыттар бойынша бірлескен жобалар жоспарланған:
- Архив құжаттарын бірлесіп іздеу және зерттеу.
- Мамандардың тәжірибе алмасуы мен біліктілігін арттыру.
- Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.
- Халықаралық білім беру жобалары мен кәсіби іс-шараларға қатысу.
Ынтымақтастық тарихы 2016 жылдан басталады
Қазақстан мен Корея архивтерінің әріптестігі он жылға жуық уақыт бұрын басталған. 2016 жылғы 28 қазанда ҚР Президенті Архиві басшылығының Сеулге сапары кезінде тараптар алғашқы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.
2017–2019 жылдары қазақстандық архив мамандары Кореяда Records and Archives Management Program халықаралық бағдарламасы бойынша бірнеше рет тағылымдамадан өтті. Олар электрондық құжаттарды басқару, цифрлық сақтау, құжаттарды цифрландыру және архив материалдарын қалпына келтіру тәжірибесін зерделеді.
Кореялық архившілер де Қазақстандағы кәсіби жобаларға қатысып келеді. Атап айтқанда, олар ҚР Президенті Архиві ұйымдастырған Жас архившілердің халықаралық жазғы мектебінде сарапшы әрі дәріскер ретінде жұмыс істеді.
2022 жылы Корея Республикасы Ұлттық архивінің өкілдері Қазақстан архившілерінің I Конгресіне қатысып, құжаттарды басқаруды стандарттау бойынша тәжірибесін таныстырды.
Ортақ тарихи мұраны зерттеу
Екі ел арасындағы жаңа келісім тек технологиялық ынтымақтастықпен шектелмейді. ҚР Президентінің Архивінде Қазақстандағы корейлердің тарихына және ХХ ғасырдың маңызды кезеңдеріне қатысты құжаттар сақталған.
Бұл материалдар корей диаспорасының Қазақстанға қоныс аударуын, жаңа ортаға бейімделуін және елдің дамуына қосқан үлесін зерттеуге мүмкіндік береді.
Әлия Мұстафинаның айтуынша, архивтер арасындағы әріптестік кәсіби және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Тараптар меморандумды нақты бірлескен жобалармен жалғастыруға ниетті.










