Қазақстандағы кітапханалар туралы статистиканы бір жерден көруге мүмкіндік беретін LABA платформасы іске қосылды. Сервис өңірлердегі кітапхана саны, келушілер, оқырмандар, кітап қоры және цифрлық ресурстар туралы деректерді жинақтайды, деп хабарлайды Tech-news.
Пайдаланушылар белгілі бір өңірде қанша кітапхана барын, оларға қанша адам келетінін және кітаптарды қаншалықты жиі пайдаланатынын көре алады. Жинақ көлемі, цифрлық ресурстар мен кітапхана қызметкерлері туралы мәліметтер де жеке көрсетіледі.
Платформадағы ақпарат диаграммалар, рейтингтер және интерактивті кестелер арқылы ұсынылған. Бұл бірнеше өңірдің көрсеткіштерін қатар салыстырып, кітапхана саласындағы өзгерістерді бақылауға мүмкіндік береді.
LABA-ны Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ғылыми-әдістемелік қызметінің қызметкері Нұрлыхан Жұмахан әзірлеген. Платформаның толық атауы — LABA, Кітапхана және кітап аналитикасы.
Сервис «Қазақстан кітапханалары 2025: Деректер мен сандар» ғылыми-талдамалық шолуындағы мәліметтерге негізделген. Жаңа статистикалық есептер жарияланған сайын платформадағы ақпарат та жаңартылып отырады.
LABA-ның интерфейсі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Сервис мобильді құрылғыларға да бейімделген.
Платформаға bynurlykhan.github.io/laba мекенжайы арқылы ашық түрде кіруге болады.










