Авто

Қытай жаңа көліктерді нарыққа шығаруға қойылатын талаптарды күшейтеді

Қытай билігі жаңа автомобильдерді нарыққа шығар алдында сынақтан өткізу тәртібін қатаңдатпақ. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап өндірушілер жаңа технологиялардың қауіпсіздігін, сенімділігін және қоршаған ортаға әсерін растайтын қосымша құжаттар ұсынуға міндеттеледі, деп хабарлайды Tech-news. 

Жаңа талаптар Қытайдың төрт мемлекеттік ведомствосы әзірлеген құжат жобасында қарастырылған. Олардың қатарында Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі мен Нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқарма бар. Құжат автомобиль модельдерін сертификаттау және оларды мемлекеттік тізілімге енгізу тәртібіне өзгеріс енгізуді көздейді.

Реттеушілердің пікірінше, автомобиль нарығындағы технологиялық жаңалықтардың жылдам енгізілуі мен өндірушілер арасындағы бәсеке кейбір жүйелерді жеткілікті деңгейде сынамай-ақ сатылымға шығаруға әкелген. Бұл жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігіне, сондай-ақ қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін.

Жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін автоконцерндер көліктердегі инновациялық жүйелер туралы толық ақпарат беруге тиіс. Бұған бағдарламалық жасақтама, аппараттық компоненттер және олардың жұмысын тексеру нәтижелері кіреді. Сондай-ақ өндірушілер сенімділік, қоршаған орта жағдайларына бейімділік және жүйелердің герметикалығы бойынша егжей-тегжейлі сынақ есептерін тапсырады.

Бұған дейін сатылымға рұқсат алған модельдерге қатысты да талаптар өзгереді. Өндірушілер 2027 жылғы 1 шілдеге дейін қауіпсіздікке байланысты жетіспейтін мәліметтерді ұсынуы керек. Егер автомобильдің құрылымында ақау анықталса, компания өндірісті дереу тоқтатып, көліктерді кері қайтарып алуға міндеттеледі.

Жүргізушіге көмек жүйелерінің жарнамасы да қатаң бақыланады. Құжат жобасы автопилот пен жүргізушіге көмек көрсететін функциялардың мүмкіндіктерін асыра көрсетуге тыйым салады. Автокөлік өндірушілері сатып алушыларға мұндай технологиялардың шектеулерін нақты түсіндіруге тиіс. Жол қозғалысы ережелерін бұзуды көрсететін жарнамалық көріністерге де жол берілмейді.

Бұдан бөлек, билік автомобиль зауыттарында кенеттен жүргізілетін тексерістерді көбейтуді және апаттық сынақтардың негізгі кезеңдерін бейнежазбаға түсіруді күшейтуді жоспарлап отыр. Сынақ нәтижелерін бұрмалаған компанияларға қатаң шаралар қолданылып, олардың сауда лицензиялары толықтай жойылуы мүмкін.

Құжат жобасы бойынша қоғамдық талқылау 2026 жылғы 10 қарашаға дейін жалғасады.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *