Үндістан билігі Alipay+ төлем сервисін елдің жедел төлем жүйесі UPI-мен байланыстыру туралы ұсынысты әзірге тоқтатты. Шешімге ұлттық қауіпсіздік, деректердің сақталуы және Қытаймен байланысты компанияларға қатысты қауіптер себеп болған, деп хабарлайды Tech-news.
Reuters мәліметінше, ұсынысты Alipay+ осы жылдың қаңтарында жасаған. Жоба жүзеге асса, үндістандық туристер Қытай, Гонконг және Азияның басқа елдерінде Alipay+ желісіне қосылған 150 миллионнан астам сауда орнында UPI арқылы төлем жасай алатын еді.
Жобаның келесі кезеңінде шетелдік туристерге Үндістан аумағында Alipay+ көмегімен төлем жасау мүмкіндігі қарастырылған.
Алайда Үндістан үкіметіндегі талқылаулар бұл бастаманың алға жылжуын тоқтатты. Дереккөздердің айтуынша, негізгі алаңдаушылық Alipay+ сервисінің Қытаймен байланысына және пайдаланушылардың қаржылық деректерінің қауіпсіздігіне қатысты.
Alipay+ платформасын Сингапурда орналасқан Ant International басқарады. Компания 2024 жылы Қытайдың Ant Group құрылымынан тәуелсіз ұйым ретінде бөлініп шыққан.
Үндістанның құқық қорғау органдары бірнеше ықтимал қауіпке назар аударған. Олардың қатарында ақшаны жылыстату мүмкіндігі, транзакциялық деректердің қорғалуы және деректердің сыртқа шығуы салдарынан пайдаланушылардың кибералаяқтыққа ұшырау қаупі бар.
Дереккөздердің бірінің айтуынша, Үндістанның Сыртқы істер министрлігі жобаны кейінге қалдыруға «саяси себептер» әсер еткенін көрсеткен. Бірақ ұсыныстың қайта қаралу мерзімі немесе кедергілерді шешудің нақты тетігі әзірге белгісіз.
Үндістан Қытай инвестицияларына бақылауды 2020 жылғы шекарадағы қақтығыстан кейін күшейткен болатын. Биыл наурызда кейбір шектеулер жеңілдетілгенімен, қаржы технологиялары мен төлем инфрақұрылымы сияқты стратегиялық салаларға бақылау әлі де қатаң.
Alipay+ пен UPI арасындағы ықтимал серіктестік Азиядағы трансшекаралық төлем жүйелерін біріктіру үрдісі аясында ұсынылды. Қазір көптеген ел өзара төлем инфрақұрылымын байланыстыру арқылы халықаралық ақша аударымдарын жылдамдатып, комиссияларды азайтуға тырысып жатыр.
FXC Intelligence болжамына сәйкес, Азия-Тынық мұхиты аймағынан жүзеге асатын трансшекаралық төлемдер нарығы 2032 жылға қарай 23,8 триллион долларға жетуі мүмкін. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары.
Үндістан үшін төлем нарығын кеңейтудің экономикалық пайдасынан ұлттық қауіпсіздік мәселесі басым болып отыр. Сондықтан Alipay+ пен UPI-ді біріктіру жобасының тағдыры әзірге белгісіз.










