Жапонияда істен шыққан гуманоид роботтарға техникалық көмек көрсететін арнайы сервис іске қосылды. GMO Internet Group инженерлері жабдықты оқиға орнында жөндеуге тырысады, ал ақауды сол жерде түзету мүмкін болмаса, робот сервис орталығына жеткізіледі, деп хабарлайды Tech-news.
Сыртқы көрінісі кәдімгі жедел жәрдем көлігіне ұқсайтын арнайы фургонның ішінде медициналық құрал-жабдық емес, роботтарды диагностикалау мен жөндеуге арналған техника орналасқан.
Шақырту түскен кезде маманданған инженер оқиға орнына барып, роботтың ақауын анықтайды. Егер оны сол жерде жөндеу мүмкін болса, жұмыс бірден атқарылады. Ал күрделі жағдайда робот сервис орталығына жеткізіледі. Бұл кезде иесіне уақытша алмастыратын құрылғы беріледі.
GMO Internet Group әртүрлі өндірушілердің роботтарын жеткізумен айналысады және Жапониядағы компанияларға гуманоидтарды енгізу бойынша қызмет көрсетіп келеді.
Гуманоид роботтарға арналған мобильді жөндеу қызметі әзірге ерекше көрінгенімен, роботтар өндірісте және күнделікті өмірде көбейген сайын мұндай инфрақұрылымға қажеттілік артуы мүмкін.
Қазір гуманоид роботтар зауыттар мен қоймалардағы жұмыстарға, сондай-ақ үй шаруасына және қарт адамдарға күтім көрсетуге арналған жобаларда белсенді әзірленіп жатыр. Бұл роботтарды тек өндірумен шектелмей, оларды техникалық қызмет көрсету, жөндеу және ауыстыру жүйесін де қалыптастыру қажет екенін көрсетеді. McKinsey бағалауынша, әлемдік робототехника нарығы 2040 жылға қарай шамамен $370 млрд көлеміне дейін өсуі мүмкін.










