Meta Connect 2026 конференциясында компания Codec Avatars технологиясына негізделген толық бойлы, фотореалистік цифрлық кейіпкерді таныстыруға дайындалып жатыр. Демонстрация Project Phoenix аясында өтеді деп күтілуде, деп хабарлайды Tech-news Upload-қа сілтеме жасап.
Meta-ның техникалық директоры Эндрю Босворт презентация кезінде адамның цифрлық көшірмесі ретінде жасалған аватар түрінде пайда болуы мүмкін. Компания бұл технологияны виртуалды қарым-қатынас пен телеприсутствие сценарийлерінде қолдануды зерттеп келеді.
Codec Avatars — Meta бірнеше жылдан бері дамытып келе жатқан зерттеу жобасы. Оның мақсаты — адамның сыртқы келбеті мен қимылын барынша дәл қайталайтын цифрлық бейне жасау.
Бастапқы нұсқалар арнайы жабдықты қажет етті. Кейін Meta технологияны жеңілдетіп, аз мөлшердегі суреттердің көмегімен фотореалистік аватар жасауға бағыт алды. Мұндай модельдерді мобильді құрылғыларға жақын есептеу ресурстарымен жұмыс істету мүмкіндігі де зерттеліп жатыр.
2026 жылы Meta толық бойлы Codec Avatars жасауға қатысты зерттеулерін де көрсетті. Компанияның тәсілінде цифрлық кейіпкерді басқару үшін VR-гарнитураның камералары мен сенсорларын пайдалануға болады.
Бұл технология виртуалды ортадағы адамның қозғалысын цифрлық кейіпкерге жеткізуге мүмкіндік береді. Яғни пайдаланушы экрандағы дайын аватарды ғана көрмей, өзінің қимылына жауап беретін цифрлық нұсқасымен виртуалды кеңістікте әрекеттесе алады.
Meta-ның бағдарламалық жасақтамасынан бұған дейін Hologram Calling функциясына қатысты кодтар да табылған. Ал Meta AI қосымшасында Hologram-аватарды баптауға және пайдалануға арналған элементтер анықталған.
Бұл белгілер Codec Avatars технологиясының тек зерттеу жобасы болып қалмай, болашақта Meta өнімдеріндегі коммуникация функцияларының біріне айналуы мүмкін екенін көрсетеді. Дегенмен компанияның Hologram Calling функциясын қашан және қандай форматта көпшілікке ұсынатыны әзірге белгісіз.
Meta Connect 2026 кезінде Project Phoenix тұсаукесері технологияның қазіргі мүмкіндіктерін нақтырақ көрсетуі мүмкін. Егер демонстрация жоспарланғандай өтсе, Босворттың толық бойлы цифрлық көшірмесі Meta-ның виртуалды қарым-қатынасқа арналған аватар технологиясын жаңа деңгейде көрсететін мысалдардың бірі болмақ.










