АҚШ пен Қытай жасанды интеллектке қатысты ұлттық қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін инциденттер туралы бір-бірін хабардар ететін жаңа механизм құру мүмкіндігін талқылады. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент Нью-Йорктегі келіссөздерден кейін мәлімдеді, деп хабарлайды Tech-news.
Бессент Қытай вице-премьері Хэ Лайфэнмен өткен кездесуді «сәтті» деп бағалады. Оның айтуынша, тараптар ЖИ саласындағы трансшекаралық тәуекелдер туралы ақпарат алмасуды күшейту мәселесіне назар аударған.
«Әлемдегі бірінші және екінші ірі державалар арасында ашықтықты арттыру маңызды», — деді Бессент журналистерге.
Ұсынылып отырған механизм ЖИ жүйелеріне қатысты ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін оқиғалар туралы тараптарға жедел ақпарат беруге бағытталмақ. Алайда оның нақты қалай жұмыс істейтіні немесе қандай инциденттер қамтылатыны әзірге айтылған жоқ.
Келіссөздерде ЖИ-мен қатар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастары да талқыланды. Тараптар тарифтерді ықтимал төмендету мәселелерін қарастыратын «Сауда кеңесі» механизмін іске қосу жоспарын талқылаған.
АҚШ пен Қытай арасындағы тарифтік бітімнің қазіргі мерзімі 10 қарашада аяқталады.
Қытайдың мемлекеттік ақпарат агенттігі Xinhua келіссөздерді «ашық, терең әрі конструктивті» деп сипаттады. Агенттік тараптардың экономикалық және сауда мәселелерімен бірге жасанды интеллект тақырыбын да талқылағанын хабарлады.
Вашингтон мен Бейжің қазір ЖИ және озық технологиялар саласында технологиялық басымдық үшін бәсекелесіп отыр. Сонымен қатар соңғы күндері ЖИ-дың қауіпсіздігіне қатысты пікірталас күшейді: зерттеушілер технологияның ықтимал тәуекелдеріне назар аударса, саладағы кейбір жетекші тұлғалар AI әзірлеу қарқынына сақтықпен қарауға шақырды.
АҚШ президенті Дональд Трамп мұндай алаңдаушылықтарды негізінен қолдамайды. Ол АҚШ-тың ЖИ саласындағы технологиялық артықшылығын сақтауы маңызды екенін бірнеше рет айтқан.
ЖИ бойынша ынтымақтастық мәселесі Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің бұған дейінгі келіссөздерінде де көтерілген. Екі ел басшылары осы апта соңында Вашингтонда саммит өткізуі жоспарланып отыр.








