Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) Орталық Азиядағы жасанды интеллект пен цифрлық трансформация жөніндегі өңірлік алаңына айналу мүмкіндігін талқылады. Кездесуде AI инфрақұрылымы, дата-орталықтар, энергетика және мемлекеттік басқарудағы технологияларды дамыту мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Tech-news.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ДЭФ өкілдерімен келіссөз барысында Қазақстанның AI экожүйесін дамытуға қатысты бірнеше бағытты ұсынды.
Олардың қатарында мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні басқару тәсілдерін қалыптастыру, халықаралық цифрлық инфрақұрылым үшін дата-орталықтар салу және Data Embassy режимін дамыту бар. Data Embassy — мемлекеттің цифрлық деректері мен инфрақұрылымын басқа ел аумағында арнайы құқықтық және техникалық режиммен орналастыруға мүмкіндік беретін тәсіл.
Сондай-ақ Қазақстанның GovTech саласындағы тәжірибесін пайдаланып, AI шешімдерін мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу мәселесі талқыланды.
Кездесудің маңызды бөлігі AI экономикасына қажетті инфрақұрылымға арналды. Тараптар дата-орталықтардың тұрақты жұмыс істеуі үшін энергетикалық қуаттарды дамыту, телекоммуникациялық инфрақұрылымды күшейту және халықаралық цифрлық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.
Сонымен қатар AI инфрақұрылымында маңызды минералдардың рөлі сөз болды. Олар деректер орталықтары мен басқа да технологиялық нысандарға қажетті жабдықтарды өндіруде қолданылатын негізгі ресурстардың бірі саналады.
Тараптар энергетика саласында жасанды интеллектіні пайдалану және Қазақстанның энергетикалық, цифрлық әрі технологиялық әлеуетін жаһандық AI экожүйесімен байланыстыру мүмкіндіктерін де талқылады.
Кездесу соңында ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаластық жасалды.
ДЭФ делегациясы сондай-ақ AI & Digital Bridge форумының тұжырымдамасымен танысты. Биылғы форум 1–3 қазан аралығында Астанада өтеді. Іс-шара Орталық Еуразия мен басқа өңірлердегі технология, цифрландыру және AI саласының өкілдерін бір алаңға жинауды көздейді.
Сапар барысында делегация халықаралық AI орталығы alem.ai-ға барып, Қазақстандағы технологиялық экожүйемен танысты. Қонақтарға Astana Hub, TUMO Astana және Tomorrow School жобаларының жұмысы да көрсетілді.








