Alibaba жасанды интеллектке арналған Zhenwu V900 жаңа үдеткішін көрсетті. Компанияның мәліметінше, оның өнімділігі алдыңғы M890 буынымен салыстырғанда шамамен үш есе жоғары, деп хабарлайды Tech-news.
Zhenwu V900 — ЖИ модельдерін оқыту мен іске қосуға арналған есептеу үдеткіші. Alibaba жаңа чиптерді біріктіріп, 500 мыңға дейін үдеткіштен тұратын есептеу кластерлерін құруға болатынын мәлімдеді.
Компания мұнымен шектелмек емес. Alibaba 2032 жылға дейін әлем бойынша дата-орталықтарының жалпы қуатын 20 ГВт-тан асыруды жоспарлап отыр. Бұл жоспар ЖИ-есептеулеріне сұраныстың өсуіне байланысты қолға алынбақ.
Alibaba сонымен қатар 5–10 трлн параметрлі ЖИ модельдерін әзірлеу жоспарын жариялады. Мұндай ауқымдағы модельдер компанияның Qwen желісін әрі қарай дамытуға бағытталған.
Осылайша Alibaba ЖИ экожүйесінің бірнеше негізгі бөлігін қатар дамытып жатыр: Qwen модельдері, өз чиптері және дата-орталық инфрақұрылымы. Компания бұл бағыт арқылы ЖИ есептеулерінде шетелдік үдеткіштерге, соның ішінде Nvidia шешімдеріне тәуелділігін азайтуды көздейді.










