Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде жоғалған екі әскери қызметшіні Каспий теңізінің акваториясынан іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Операцияға 252 адам, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер және 20-дан астам әуе кемесі тартылған, деп хабарлайды Tech-news.
Іздеу жұмыстары Үкіметтік комиссияның тапсырмасымен ұйымдастырылды. Комиссияға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етеді. Оқиға орнындағы операцияны Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов басқарып отыр.
Жұмысқа Қорғаныс министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірген жедел штаб жұмылдырылды.
Құтқарушылар теңіз акваториясын, жағалау сызығын және оған іргелес аумақтарды үздіксіз тексеріп жатыр. Іздеу жұмыстарына 34 арнайы жерүсті техникасы мен төрт тікұшақ та тартылған.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия әскери қызметшілердің қаза болуы мен жоғалуына әкелген жағдайларды анықтап жатыр.
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге материалдық әрі психологиялық көмек көрсетіледі.










