Қазақстанда ата-аналар eGov платформасы арқылы балалары пайдаланатын телефон нөмірлерін белгілей алады. Бұл операторларға интернет-трафикті сүзгілеп, балалардың тыйым салынған контентке қол жеткізуін шектеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді, деп хабарлайды Tech-news.
Құрылтай отырысында депутат Илья Теренченко 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізу үшін ата-аналарға нақты бақылау тетіктері қажет екенін айтты.
Оның сөзінше, қазір балалар қолданатын SIM-карталардың көбі ересектердің атына тіркелген. Сондықтан байланыс операторлары мен онлайн-платформалар құрылғыны шын мәнінде кім пайдаланып отырғанын анықтай алмайды.
Депутат балаларға арналған жеке SIM-карталар енгізуді ұсынды. Мұндай нөмірлер тіркелген кезде интернетті автоматты түрде сүзгілеу, ата-ана бақылауы және пайдаланушының жасын тексеру функциялары қосылуы мүмкін. Бұл қызметтер отбасылар үшін тегін болуы керек.
Сондай-ақ ол Apple және Google компанияларымен келіссөз жүргізу қажеттігін атап өтті. Себебі аталған платформалардың қазіргі ата-ана бақылауы құралдары негізінен 13 жасқа дейінгі балаларға арналған.
Вице-министр Ростислав Коняшкиннің айтуынша, министрлік Түркия, Аустралия және Қытайдың тәжірибесін зерттеп жатыр. Халықаралық тәжірибе бір ғана шектеу тетігі мәселені толық шешпейтінін көрсеткен. Сондықтан ведомство бірнеше құралды біріктіретін жүйе әзірлеуде.
Соның бірі — пайдаланушының нақты жеке деректерін ашпай-ақ жасын растау механизмі. Бұл жүйеде онлайн-платформа арнайы сервиске сұрау жіберіп, адамның 16 жасқа толған-толмағанын ғана анықтай алады.
Министрлік интернет-фильтрацияны VPN арқылы айналып өту мәселесін де қарастырып жатыр. Осыған байланысты шектеулерді тек SIM-картаға емес, тікелей мобильді құрылғыға байланыстыру нұсқасы зерттелуде.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарындағы қоғамдық Wi-Fi желілерінде де интернет-трафикті сүзгілеу жоспарланған. Яғни балалар мектеп пен басқа да оқу орындарындағы ортақ желіге қосылған кезде де тиісті шектеулер жұмыс істеуі мүмкін.
Қазір министрлік осы тетіктердің техникалық жағын пысықтап жатыр. Негізгі мақсат — балаларды зиянды контенттен қорғау, жас ерекшелігіне сай шектеулер енгізу және пайдаланушылардың жеке деректерін жария етпеу.










