Актер Эштон Кутчер негізін қалаған Sound Ventures венчурлық қоры жасанды интеллект нарығындағы ірі инвестициялардың біріне қатысы бар. Қор Claude чат-ботын әзірлеуші Anthropic компаниясына $435 млн инвестиция салған. Енді компанияның IPO алдындағы болжамды бағасы $1,4 трлн-ға жетсе, қордың үлесі шамамен $7 млрд болуы мүмкін, деп хабарлайды Tech-news.
Бұл бастапқы инвестиция көлемінен шамамен 16 есе көп. Алайда Sound Ventures-тің AI нарығындағы жалғыз ірі жобасы Anthropic емес. Қор ChatGPT әзірлеушісі OpenAI компаниясына да $400 млн-нан астам қаржы құйған.
Кутчер мен Sound Ventures-тің екінші негізін қалаушы Гай Осири Anthropic компаниясына 2023 жылы назар аударған. Сол кезде олар компанияның негізін қалаушы Дарио Амодеи және оның командасымен кездесіп, OpenAI-мен бәсекеге енді ғана кіріскен стартапты қолдауға шешім қабылдаған.
Дегенмен, $7 млрд — Эштон Кутчердің жеке табысы емес. Бұл Sound Ventures қорының үлесіне қатысты болжамды бағалау. Оның үстіне, аталған сома нақты түскен пайда емес, компанияның ықтимал нарықтық құнына негізделген есеп.









