TechПолитика

Қорғаныс саласында цифрлық трансформация жүргізіледі

Қазақстан армиясында цифрлық технологияларды кеңінен енгізу жоспарланып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің жұмысын түбегейлі жаңартып, әскери басқару жүйесін заманауи талаптарға бейімдеуді тапсырды, деп хабарлайды Tech-news.

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратымен өткен жиында әскери саладағы негізгі міндеттерді айқындағанын айтты. Оның сөзінше, армияны дамытуда дәстүрлі тәсілдерден бас тартып, халықаралық тәжірибеге негізделген жаңа басқару моделіне көшу қажет.

Президент реформаның негізгі мақсаты — жаңа үлгідегі әскер қалыптастыру екенін атап өтті. Бұл үшін әскери басқару жүйесін қайта құрып, офицерлердің кәсіби дайындығына да басымдық беру керек.

Сонымен қатар армияда цифрлық трансформацияны жеделдету тапсырылды. Президент мүмкіндігінше адамның атқаратын жұмысын технология арқылы автоматтандыру қажеттігін айтты.

– Әскерді дамытудың жаңаша тәсілдері қажет. Таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар, қағаз жүзінде бәрін керемет етіп көрсететін өтірік есептер ешкімге қажет емес, – деді Президент.

Жаңа тәсіл әскери басқаруда цифрлық құралдарды қолдануды, процестерді автоматтандыруды және шешім қабылдау жүйесін жаңартуды көздейді.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *