TechЭкономикаTop

Қазақстан мен Бавария технологиялық серіктестікті күшейтпек

Қазақстан Президентінің Германияға ресми сапары Қазақстан-Бавария технологиялық форумымен қорытындыланды. Мюнхенде өткен жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Бавария арасындағы сауда-экономикалық және технологиялық байланыстарды дамытуға тоқталды, деп хабарлайды Tech-news. 

Президент Баварияны Германиядағы инженерия мен жоғары технологияның негізгі орталықтарының бірі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті мен инновациялық экожүйесі Қазақстан үшін маңызды серіктестік бағыттарын қалыптастыра алады.

Тоқаев неміс бизнесінің Қазақстанда сапасы, сенімділігі және технологиялық деңгейі жоғары бағаланатынын айтты. Осыған байланысты Мюнхенде Баварияның саяси басшылығы және бизнес өкілдерімен тікелей келіссөз жүргізудің маңызын атап өтті.

– Неміс бизнесі елімізде мықты сапасымен, сенімділігімен және технологиялық артықшылығымен жоғары бағаланады. Бүгінде экономикалық байланыстарды тереңдетуге барлық мүмкіндік бар. Бұл ретте Еуропаның жетекші өнеркәсіптік аймақтарының бірі, инженерия мен жоғары технологияның орталығы ретінде дүние жүзі мойындаған Баварияның алатын орны ерекше. Біздің азаматтарымыз үшін «Германияда жасалған» деген белгі әрқашан сапа мен сенімділік синонимі саналады. Дәл осы себепті Мюнхенге арнайы келіп, Баварияның саяси басшылығымен және іскерлік орта өкілдерімен тікелей диалог құрғанды жөн деп ұйғардым, – деді Президент.

Бавария Қазақстанның Германиядағы негізгі сауда серіктестерінің бірі саналады. Қазақстан бұл өңірге мұнай, ферроқорытпа, болат, мыс, алюминий, бейорганикалық химиялық өнімдер, майлы дақылдар, бидай және басқа да тауарлар экспорттайды.

Форум Қазақстан мен Бавария арасындағы технология, өнеркәсіп және бизнес салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналған алаң болды.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *