Астанада AI & Digital Bridge 2026 форумының екінші күні өтіп жатыр. Сарапшылар мен технологиялық компаниялар өкілдері жасанды интеллект экономикасын дамыту үшін қажет инфрақұрылым, инвестиция, кадр және жаңа AI-сервистерді талқылады, деп хабарлайды Tech-news.
Қазақстан жасанды интеллект экожүйесін энергетика мен чиптерден бастап, үлкен тілдік модельдер мен дайын қолданбалы шешімдерге дейінгі бес бағыт бойынша дамытуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, AI экономикасының жалпы қолжетімді нарығы қазірдің өзінде $50 трлн-нан асады. Қазақстан осы нарықта өз орнын қалыптастыру үшін бір мезетте инфрақұрылым мен жергілікті технологиялық құзыреттерді дамытуға ниетті.
«Біз толыққанды AI экономикасын қалыптастырудың бастапқы кезеңіндеміз», – деді Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, бес деңгейге энергетикалық инфрақұрылым, чиптер, бұлтты платформалар, тілдік модельдер және қолданбалы AI шешімдері кіреді. Қазақстан жаһандық технологиялық компаниялармен бірлесіп жұмыс істей отырып, өз мамандары мен технологиялық құзыреттерін де дамытуды көздейді.
Мәдиев Қазақстан үшін ең үлкен мүмкіндік AI-дың қолданбалы саласында екенін атап өтті. Яғни жасанды интеллект экономиканың және бизнестің тиімділігін арттырып қана қоймай, адамдардың күнделікті өміріндегі нақты мәселелерді шешуге қолданылуы керек.
AI қызметкердің орнын ғана емес, жұмыс тәсілін өзгертеді
01.AI негізін қалаушы және бас директоры, Sinovation Ventures төрағасы әрі ЖИ кеңесінің мүшесі Кай-Фу Ли AI-ды тек шығындарды қысқартатын құрал ретінде қарастырмау керегін айтты.
Оның пікірінше, компаниялар жасанды интеллектті жаңа жұмыс моделін қалыптастыру үшін пайдалана алады. Мысалы, AI-агенттер белгілі бір тапсырмаларды өздігінен орындап, қызметкерлердің мүмкіндігін кеңейтеді.
Мұндай технологияны тек бағдарламашылар ғана жасай алады деген түсінік те өзгеруі мүмкін. Кай-Фу Лидің айтуынша, заңгерлер де өз жұмысына қажетті AI-агенттерді әзірлей алады.
Ол Қазақстанның цифрландырудағы келесі кезеңі жекелеген салаларды цифрлық жүйеге көшірумен шектелмей, адамдардың күнделікті жұмысында цифрлық құралдарды кеңінен қолдануға негізделуі тиіс екенін айтты.
Freedom AI-ассистентті іске қоспақ
Freedom Holding Corp. компаниясы Freedom SuperApp-қа жасанды интеллект негізіндегі жаңа мүмкіндіктер енгізіп жатыр. Бұл туралы компанияның бас атқарушы директоры Тимур Турлов хабарлады.
Қазір компания AI-ды ішкі процестерде қолданады. Оның көмегімен бэк-офис жұмысы, есептілік және процестерді басқару жетілдіріліп жатыр. Компанияның деректер базасына қосылған AI жүйесі негізгі көрсеткіштер мен бизнес-процестер туралы сұрақтарға жауап бере алады.
Келесі кезең – технологияны клиенттерге ұсыну. Компания Freedom SuperApp ішінде инвестиция, сақтандыру, электрондық коммерция, қонақүй және әуе билеттерін брондау сияқты қызметтерді AI-ассистент арқылы ұсынуды жоспарлап отыр.
Жүйе пайдаланушының сұранысын түсініп, оған сәйкес қызмет немесе шешім ұсынуы тиіс.
Турловтың айтуынша, жекелеген AI-агентті қысқа уақытта жасауға болғанымен, оның барлық қажетті функцияларды тұрақты орындауы үшін шамамен бір жыл қажет болуы мүмкін.
Компания сонымен қатар есептеу инфрақұрылымына инвестиция салуды жалғастырып жатыр. Жоспарланған жобалардың бірі – NVIDIA-мен бірлесіп салынатын дата-орталық.
Қазақстанда жаңа AI кеңселері ашылуы мүмкін
Sofreh Capital бас директоры және негізін қалаушы Шервин Пишевар Қазақстанда компания кеңселерін ашуға ниетті екенін айтты.
Ол елдің AI экономикасын дамытудағы мүмкіндіктері ретінде инженерлік кадрларды, мемлекеттік қолдауды және технологияға қажетті ресурстарды атады.
Пишевар Қазақстандағы технологиялық компаниялардың халықаралық деңгейге шығуына Higgsfield мысал бола алатынын атап өтті. Оның айтуынша, елде инженерлер, инновацияны қолдайтын мемлекеттік институттар және AI инфрақұрылымын дамытуға қажетті ресурстар бар.
Ол Қазақстанға кеңсе ашып, компанияны елге орналастыру және жергілікті технологиялық экожүйеге инвестиция салу жоспарын да айтты.
Қазақстан есептеу қуатын экспорттай алады
«Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин Қазақстан болашақта өзінде қалыптасатын есептеу қуатын экспорттау мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.
Оның пікірінше, дата-орталықтарды дамыту және NVIDIA секілді технологиялық компаниялармен серіктестік елде AI экономикасына қажетті инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мусиннің айтуынша, Қазақстан келесі жылдан бастап есептеу қуаттарын, соның ішінде әлемдік нарықта сұранысы жоғары компьютерлік ресурстарды экспорттауды бастауды жоспарлап отыр.
Бұл бағытты ғарыш индустриясымен байланыстыру да қарастырылуда. Қазақстанда дата-орталықтар, деректерді өңдеу инфрақұрылымы және ғарыш саласы қатар дамыса, олардың арасындағы технологиялық байланысты қалыптастыруға мүмкіндік пайда болады.
AI & Digital Bridge 2026 форумы Астанада 1–3 қазан аралығында өтіп жатыр. Іс-шара AI MONTH аясындағы негізгі халықаралық алаңдардың бірі саналады.










