Астанада AI & Digital Bridge 2026 форумы аясында Digital Qazaqstan 2029 стратегиясын іске асыру мәселелері талқыланды. Жаңа жоспар мемлекеттік қызметтерді жеделдетуге, бизнестің әкімшілік жүктемесін азайтуға және өндірісте цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға бағытталған, деп хабарлайды Tech-news.
2 қазанда өткен «Digital Qazaqstan 2029: стратегиядан экономика мен мемлекетті трансформациялауға дейін» сессиясында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық консалтинг өкілдері цифрлық трансформацияның нақты нәтижелері қандай болуы керегін талқылады.
Digital Qazaqstan — 2029 жылға дейінгі цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу стратегиясы. Құжат мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын көрсету уақытын кемінде 50%-ға қысқартуды, IT-қызметтер мен цифрлық шешімдер экспортын екі есе арттыруды көздейді.
Сондай-ақ адал бизнеске жүргізілетін тексерулер санын екі есе азайту және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың кемінде 60%-ында цифрлық егіздерді енгізу жоспарланып отыр.
Сессия модераторы, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Алия Оспанова стратегияның тиімділігін технология саны емес, оның нақты нәтижесі арқылы бағалау қажет екенін айтты.
«Цифрлық трансформацияның нәтижесі енгізілген технологиялардың санымен емес, олардың адамға, мемлекетке және экономикаға берген пайдасымен өлшенуі тиіс», — деді ол.
Стратегияда 20 бастама бар
Цифрлық үкіметті қолдау орталығы бас директорының орынбасары Арай Уразова Digital Qazaqstan стратегиясының құрылымын таныстырды. Құжат үш негізгі блокқа біріктірілген 20 бастамадан тұрады.
Азаматтарға арналған бағытта өмірлік жағдайларға байланысты қызметтерді автоматты түрде ұсыну және әлеуметтік қолдауды нақты қажеттілікке қарай ұйымдастыру қарастырылған. Яғни азамат кейбір мемлекеттік қызметтерді алу үшін жеке өтініш беруге мәжбүр болмауы тиіс.
Бизнес үшін өндірістік процестерге AI енгізу және салықтық әкімшілендіруді сервистік модельге көшіру жоспарланып отыр.
Мемлекеттік секторда бірыңғай деректер архитектурасын қалыптастыру, ведомстволар арасындағы қағазсыз өзара іс-қимыл және ақпаратты қорғау тетіктерін дамыту көзделген.
Медицинада AI қолдану кеңейеді
Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов медицинаны цифрландыру бойынша жоспарларды таныстырды.
Негізгі бағыттардың бірі — пациенттің бірыңғай цифрлық медициналық профилін қалыптастыру. Сонымен қатар медициналық құжаттарға қолжетімділік беретін, профилактикалық шаралар туралы ескертетін дербес сервистерді дамыту жоспарланған.
AI клиникалық шешімдерде, ал телемедицина мектеп медицинасында және шалғай өңірлерде қолданылмақ.
2028 жылға қарай медициналық ұйымдардың кемінде 95%-ын бірыңғай цифрлық контурға қосу жоспарланып отыр. Ал жасанды интеллект қолданылатын клиникалық шешімдердің үлесі кемінде 80%-ға жеткізілуі тиіс.
Бұл өзгерістердің мақсаты — дәрігерлердің жүктемесін азайтып, медициналық ресурстарды тиімді пайдалану және қызмет көрсету сапасын арттыру.
Салық жүйесі «сервис» моделіне көшеді
Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов цифрландырудың бизнеске әсеріне тоқталды.
Digital Qazaqstan аясында салықтық әкімшілендіруді автоматтандырып, «салық сервис ретінде» моделіне көшу қарастырылған. Мұндай тәсілде адал кәсіпкерлердің әкімшілік жүктемесін азайтып, салық рәсімдерінің бір бөлігін автоматтандыру көзделеді.
Сессияда халықаралық тәжірибе де қаралды. Boston Consulting Group басқарушы директоры әрі серіктесі Михаил Волков цифрлық технологиялардың негізгі салалардағы өнімділікке әсері туралы айтып, халықаралық тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеу жолдарын ұсынды.
Ал «Қазақстан Халық банкі» басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев банк секторындағы цифрландыру мен AI қолдану тәжірибесімен бөлісті.
Сессия қорытындысында цифрлық жобалардың тиімділігі бірнеше көрсеткіш арқылы бағалануы керектігі айтылды. Олардың қатарында қызметтерді алу ыңғайлылығы, уақыт пен ресурс шығынының қысқаруы, еңбек өнімділігінің өсуі және мемлекеттік шешімдердің сапасы бар.










