Енді жұмыс берушілер міндетті сақтандыру шартын кеңсеге бармай және менеджерге жүгінбей-ақ өз бетінше рәсімдей алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Барлық процесс компанияның сайтында онлайн жүргізіледі. Жұмыс беруші тіркеліп, қажетті мәліметтерді енгізгеннен кейін жүйе сақтандыру құнын есептеп, шартты автоматты түрде қалыптастырады. Құжатқа да онлайн қол қоюға болады.
Қажетті ақпараттың бір бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан автоматты түрде жүктеледі. Қалған мәліметтерді жұмыс беруші өзі енгізеді.
Шартқа қол қоймас бұрын барлық деректі тексеріп, қажет болған жағдайда түзетуге болады. Қызметті пайдалану үшін заңды тұлғаның қолданыстағы электрондық цифрлық қолтаңбасы қажет.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда 3,5 млн-ға жуық қызметкер жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтылған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1 млн 130 мың адамға көп.
2026 жылдың соңына дейін міндетті сақтандыру шартын жасасқан жұмыс берушілер санын 130 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Онлайн-сервис компанияларға орналасқан өңіріне қарамастан сақтандыруды қашықтан рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру заңнамада белгіленген жағдайларда сақтандыру төлемдерін қарастырады. Олардың қатарында еңбекке қабілеттіліктен айырылу, сондай-ақ емделуге, медициналық және кәсіптік оңалтуға жұмсалатын заңда көзделген шығындарды өтеу бар.
Сонымен қатар Еңбек министрлігі өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Ол үшін кәсіпорындарды бақылаудың цифрлық құралдары қолданылып, жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдерді бағалау жүйесі дамытылуда.










